«Сауатсыз әншілер, мағынасыз әндер көп»: Жеңіс Ысқақова әріптестерін сынап тастады

2 527

Видеодан кадр: Youtube/Adal adamҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова эстрада сахнасының сырт көзге әсем көрінетін тұсының артында қордаланған түйткілдер бар екенін ашық айтты. Stan.kz YouTube арнасына берген сұхбатында ол бүгінгі шоу-бизнесте хайп пен жасанды танымалдық алдыңғы орынға шығып, шынайы талант пен жанды дауыстың көлеңкеде қалып бара жатқанын сынға алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Әншінің айтуынша, қазір сахнада кәсіби деңгейі төмен, фонограммаға сүйеніп, сыртқы образ арқылы ғана көрермен жинап жүрген орындаушылар көбейген. Ал шынайы өнерімен, жанды дауыспен танылуға тырысқан дарынды жастар ашық-шашық киім мен дауға құрылған контенттің тасасында қалып отыр.

— Бүгінде әнші де, әртіс те көбейіп кеткен. Бірақ олардың бәрі бірдей өнердің жүгін көтеріп жүр деп айту қиын. Кейбірі сөзді дұрыс айта алмайды, ән мәтіндерінің мазмұны жұтаң. Киелі сахнаға қалай болса солай шығуды қалыпты нәрсе көретіндер бар. Бір-екі әнмен табыс тауып, соған мәз, ал халыққа берер рухани дүниесі аз, — дейді ол.

Сонымен қатар Жеңіс Ысқақова бір әннің ішінде бірнеше тілді араластырып айту сәнге айналғанын да сынға алды. Оның пікірінше, бұл үрдіс тыңдарманның санасын шатастырып, тіл мәдениетіне кері әсер етеді. Мұның салдарынан нағыз талант иелері лайықты бағасын ала алмай отыр.

Сұхбатта өнер иесі әлеуметтік желідегі хайп қуған әрекеттерге де тоқталды. Ол әншілердің жеке өмірін аңдып, рұқсатсыз түсірілген видеолар арқылы қаралым жинауды әдетке айналдырғандарды қатты сынға алды.

Жеңіс Ысқақова Мұқасан Шахзадаевтың төңірегіндегі дауға қатысты да пікір білдіріп, әртістердің де қарапайым адам секілді эмоцияға берілетінін еске салды. Оның айтуынша, кез келген оқиғаның екі жағы бар және мұндай жағдайларды біржақты бағалауға болмайды.

— Әртіс те — адам. Кейде қоғамда әншілер ғана төбелесетіндей әсер қалыптасады. Бір оқиға болса, оны бірден дауға айналдырады. Мұқасан — эстраданың серісі, жинақы, таза жүретін азамат. Бұрын оның мұндай әрекетке барғанын көрмедім. Бұл жағдайдың өнерге тікелей қатысы жоқ, біз білмейтін басқа себептері де болуы мүмкін, — дейді ол.

Әншінің пікірінше, мұндай мәселелерді жария түрде ушықтырмай, тараптар өзара шешуі керек еді. Алайда кейбір желі қолданушылары үшін басты мақсат — шындық емес, қаралым.

— Оларға адамдардың тағдыры маңызды емес. Мұқасанның да, екінші тараптың да отбасы бар. Өнер адамдары біреудің контенті үшін құрал болмауы керек. Егер кінә дәлелденсе, заң өз бағасын береді. Бұған дейін Жұбаныш Жексенұлына қатысты да осындай жағдай болған. Елге сыйлы азаматтарды жұрт алдында қаралаудың қажеті жоқ. Өнер адамдарының тағдырын хайпқа айналдыруды тоқтату керек, — деп қорытындылады Жеңіс Ысқақова.