Атышулы блогер Жанабыловтар үйқамаққа алынды
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Тергеуге сәйкес, Instagram әлеуметтік желісінде (15 миллионнан астам жазылушысы бар) көп миллиондық аудиторияға ие ерлі-зайыптылар өз жазылушыларының сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған. 2025 жылы олар онлайн-курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Аталған «курстарды» сатып алудың негізгі себебі – қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған.
Жүлде қоры жария түрде мәлімделгендей жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеу түрінде қатысушылардан түскен ақша қаражаты есебінен қалыптастырылған.
Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлік табысталғаны туралы мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған.
Нәтижесінде азаматтардан «Zhana Business» ЖШС-нің бақылауындағы шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 млн теңгені құраған, оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына және Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынған.
Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
Қазіргі уақытта күдіктілер қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.







