Жасұлан Базарбаев маңызды тақырыпты көтерді

2 503

Фото:© видеодан скрин«Диета KZ» тобының солисі Жасұлан Базарбаев әлеуметтік желіде қыз бала дүниеге әкелген аналарды кінәлайтын пікірлерге қатысты өз ойын айтты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Әншінің айтуынша, ол желіден «Қыз туатын қатын менде ғана ма?» деген пікірді көріп, осы мәселеге қатысты үн қатуды жөн санаған.

Өнер иесі баланың ұл немесе қыз болып дүниеге келуін адамның емес, Алланың қалауымен болатын іс екенін атап өтті.

Бірақ мәселе әзілде емес.

Ана болу – оңай емес. Әйел адам тоғыз ай көтеріп, өмір мен өлімнің арасында жүріп дүниеге сәби әкеледі. Сондай жанға ұл не қыз туғаны үшін кінә арту – адамдыққа да, иманға да сыймайды.

Ұл бола ма, қыз бола ма – оны шешетін адам емес, Алла. Қыз бергеніне де сансыз шүкір, ұл бергеніне де сансыз шүкір.

«Жақсылықты ұлдан көресің» немесе «қыздан көресің» деп ешкім кесіп айта алмайды. Оны бір Алла ғана біледі. Байқасаңыз, біз үйге барғанда әкемізге екі қолдап: «Ассалаумағалейкум» деп амандасамыз. Ал қыз ше? Келіп әкесін құшақтап, бетінен сүйіп, мейірімін төгіп жатады. Әр перзенттің орны бөлек, әрқайсысының берері де бөлек. Сондықтан әйелді кінәлауды доғарайық. Баланың жынысына бола ана жүрегін жараламаңыздар. Алла ұл да берсін, қыз да берсін. Ал бермесе, оны тартып алуға ешкімнің шамасы жетпейді. Ең үлкен байлық – тәрбиелі, иманды, аман-есен перзент. Ұл болсын, қыз болсын… Аман болсын!

Сондай-ақ ол әр баланың отбасындағы орны ерекше екенін айтып, ұл мен қызды бір-бірінен артық көруге болмайтынын жеткізген.