Танымал әнші көп балалы анаға пәтер сыйлады
Әнші бұл сәтті Instagram парақшасында бөлісіп, отбасыға тосынсый жасаған видеосын жариялаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Әнші Садраддин бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға баспана сыйлаған. Өнер иесі отбасыға жаңа пәтердің кілтін ұсынған.
«Бес жасар бала Садраддиннің арманы орындалды» деген жазумен жарияланған бейнежазбада әнші бала күніндегі баспана туралы арманын еске алады. Садраддиннің айтуынша, ол анасы екеуі пәтерден пәтерге көшіп жүрген кезде өз үйлері болғанын армандаған.
«Қазір, шүкір, Құдай осындай мүмкіндік беріп тұрған кезде бір отбасын қуантып, олардың арманын орындауды шештік. «Өз баспанамыз болса» деген бес жасар Садраддиннің бала күнгі арманы еді. Қазір пәтер жалдап тұру – көпбалалы жалғызбасты ана үшін үлкен мәселе. Енді сол арманның орындалатын күні келді», – дейді әнші.
Әйел денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз деп танылған. Осыған дейін отбасы жалдамалы пәтерде тұрған. Әнші отбасыны мектепке балаларға киім алып беруге көмектесетінін айтып шақырған. Алайда оларды пәтер күтіп тұрғанын ешкім білмеген. Жаңа баспананың кілтін алған сәтте отбасы мүшелері эмоциясын жасыра алмай, көздеріне жас алған. Анасы мен балалары әншіге алғысын білдірген.







