Қызылордалық сылақшы қызға отандық продюсер ән жаздырып берді
385
Бір күнде жұлдызға айналған қызылордалық сылақшы Гүлмайданға продюсер Жан Мұқанов қолдау көрсетіп, қызды тауып алған продюсер оған бір күнде ән жазып берген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Өзін Дана ден таныстырған арудың шын есімі - Гүлмайдан. Қызылордалық ару құрылыста сылақшы болып жұмыс істейді. Музыкалық білімі болмаса да, өнерге деген махаббаты оны елге танытты. Дананың сылақ сылап жүріп, ән айтқан видеолары желіде тарап кетті. Видеоны ең алғаш блогер Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде бөлісті.
"Сүйінші. Танылмаған талант. Кешегі постымнан кейін, бірнеше адам жазды. Тв журналистер, газет сайттар хабарласты. Барлығына Дананың номерін бердім. Бірнеше адамға жекеге шықтым. Көрінбейтін жұмысымның нәтижесі. Негізі шын есімі - Гүлмайдан. Өзін Дана дейді.
Менің постымды көріп, еліміздегі белді продюсерлердің бірі Жан Мұқанов жекеме шықты. Нәтижесінде бір күнде ән жазылды! Дана ертең Хабар арнасындағы "Таңғы Хабарға" тікелей эфирге шығады. Ұлттық арнаға, Еуразия арнасына да сұхбаты шығып, жанды дауыстағы әні шырқалады. Әріптестеріме рақмет. Менің үндеуімді жерге тастамай, бір күнде таланттың жұлдызын жақтық.
Дана, тек қана алға! Енді Дананың су жаңа парақшасына тіркеле отырайық @anwi_dana", - деп жазды Дәулет Мұқаев.
"Дәулет, Жан ағаларыма Алла разы болсын. Мені қолдап, өнерімді бағалап жатқандарыңыз үшін алғысым шексіз сіздерге, - деп әнші қыз сонымен қатар, қазақ еліне деген зор ризашылығын білдірді .