"Барлығы өзімнің ит мінезімнен"

326

Ел ішіндегі соңғы болған оқиғаларға байланысты халық пен саясат алдында белсенділік танытып, үндеу жариялап жүрген Нұрлан Албан дәл қазіргі жағдайда еш алаңсыз ән айтып жүре алмаймын дейді, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

– Нұрлан аға, бір сұхбатыңызда құл мен құл иеленушілік дәуіріне түсіп қалмасақ екен депсіз. Сіздің ойыңызша, сонда қазір қандай кезеңде өмір сүрудеміз?

– Біздің балалық шағымыз кеңестік дәуірде өтті. Санамыз да сәйкесінше кеңестік саясаттың ықпалындағы мықты идеологияның жетегінде болды. Кішкентай кезімізде Рақыш деген ұстазымыздан коммунизмнің не екенін сұраған кезімізде, бізге: “коммунизм келген кезде дүкендердегі барлық нәрсе тегін болады, кез келген дүкенге барып қалаған кәмпитіңді тегін алып кете аласың” деп түсіндіретіні есімде. Біз балалықпен соған сеніп жылдамырақ коммунизм дәуірі келсе екен деуші едік. Қазір ойласам, менің сол кездегі өткен өмірімнің бәрі коммунизмге бұрмаланған екен.
Енді қазіргі кезге келсек, елімізде бай мен кедей арасындағы әлеуметтік алшақтықтың едәуір үлкен екенін мемлекет басшысының өзі де айтқан болатын. Мысалы, Қазақстанның 100% байлығының 45%-ы небәрі 162 адамның қолында екен. Енді 19 миллион халқы бар елдің бір процентіне де жетпейтін бұл көрсеткіш – осы бай мен кедей арасындағы үлкен алшақтықтың нақты дәлелі. 
Міне, уақыт өте феодалдық құл мен құл иеленушілік дәуіріне қайта түсіп кетпейміз бе деп қорқамын. Адам баласы дүниеқоңыздық пен ашкөздікке ешқашан тоймаған деп үлкендеріміз бекер айтпаса керек. Дәніккеннен құныққан жаман демекші бай байысам дейді ғой! Ал қарапайым қара халықтың жағдайы керісінше нашарлауда. Оған дәлел ретінде менің Instagram парақшамның өзіне аптасына көмек сұраушы 20-30 адамнан хат келетінін айтуға болады. Көбі “аға 60 мың теңге пәтерақымды төлеп бересіз бе, 700 мың теңге несиемді жабуға көмектесіңізші, балама жөргек әперіңізші, үйіме көмір түсіріп беріңізші” деген өтініштерге толы. Осыған қарап-ақ қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың шынайы көрінісін байқауға болады. Бізге бәлкім ел алдында жүрген соң қолы ұзын, жағдайы мықты деген оймен жазатын шығар. “Жоқтық жомарттың қолын байласа да” шамамыз келгенше көмектесуге тырысып жүрміз. Аллаға шүкір әр қазақтың үйінде бір үзім наны мен қара шәйі бар. 


– Кейінгі кездері халық пен саясат алдында белсенділік танытып өз ойыңызды ашық айтып жүрсіз. Кейде отбасыма, өміріме бір залалы тиіп кетпей ме деген қорқыныш болмайды ма? 

    
– “Отыз екі тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады” деген. Мен де пендемін ғой, менде де кейде қорқыныш сезімі болады. Себебі менің арқасүйер министр әкем жоқ, мені қорғай алатындай билікте анам жоқ. 
Менің ойларыма пікір білдіретіндер арасында ақылды інілер болды, ағалар болды. Маған бала өсіріп отырсың, қыз тәрбиелеп отырсың қойсаңшы дегендер де болды. Парақшамдағы пікірлерді көрсем, неше түрлісіне көзің түседі. Ол жақта кейбірі мені әкім, министр бол деп жазып қалдырған. Алайда менің билікке, жоғарыға қол жеткізейін деген ойым жоқ. Бұның бәрін мен болашақ үшін айтамын, біздің өсіріп отырған ұлдарымыз бен қыздарымыздың келешегі үшін айтамын. 
Біз қашанға адаса береміз? Біз қашанғы жемқорлықтың зардабын шегеміз? Еңсемізді тіктегелі 30 жылдың ішінде бізде жақсылықтар да көп болды. Алайда солардың көбін жаман жайттар жуып кетуде. Сол себептен мен қорқамын. Кім кеудесіндегі шыбын жанын оңай бере салады? Бірақ қу кеудедегі жан тірі болған соң келешек үшін шырылдауын тоқтатпайды. Менің біреуге жәрдемдесер миллион, миллиард теңгем жоқ болса да, біреудің басынан сипауға мінберде отырған атағым жоқ болса да, сөз арқылы халық мұңын жеткізе аламын. Қолымнан келетіні осы. 


– "Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастыратын концерттерге мені қоспайтынын білемін" деп айттыңыз. Тіпті, әкім, министрлердің арасында сіздің халықпен бірге жүргеніңізге, ел алдындағы белсенділігіңізге орай тісін қайрағандар бар екенін де сөз еттіңіз. Шығармашылықтағы тыныштыққа басты себеп осы ма?


– Кезінде шеттету болған. Әкімдік қана емес, телеарналар да менің өнеріме тұсау қойған кездер болған. Мәселен, Республика сарайында өткен концертті арнаға берер кезде менің айтқан әнімді монтаж кезінде кесіп тастаған. Барлық атақ, абыройлылар қатысқан неше түрлі музыкалық бағдарламаларға шақыртусыз қалған кездер де болған. Кейде осының барлығын өзімнің ит мінезімнің кесірінен деп ойлаймын. Ит мінез дегенде қиқарланып өлең айтпаймын дегеннен емес, тілімнің ащылығынан. Ел жүрген мінбе, сахналарға шығып, өнер көрсетпеуім тағы да мінезімнен. Себебі мен өзімнің жасаған еңбегімнің, тірлігімнің ақысын алғанды жақсы көремін. Ақысын алғанда да баланың қолына бауырсақ ұстатқанай емес, еңбегіме сай талап етемін. Әрбір мереке болып қойылған даталы күндер үшін мемлекет тарапынан қаншама қаржы бөлінетінін қарапайым халық та біледі. Сондықтан осыған орай есептеп өз еңбекақымды сұраймын. Осылай сұраған жанды кім жақсы көрсін? Бұндай да жайттар болған, жасырмаймын. Ал былайынша коронавирус штамдары, елдегі жағымсыз жағдайлар болып жатса, халық алдында көсіліп ән айтуды жөн деп санамаймын.


– Жұлдыздар арасында, әріптестеріңіз тарапынан сіздің үндеу әрекеттеріңізге қолдау көрсетіле ме? 


– Ақты ақ, қараны қара деп ашып алу керек. Жұртшылық осыны дұрыс түсініп алса деймін. Мен өнерде өзіммен өзім жүрген адаммын. Белгілі бір ұжымға иелік етпеймін. Сондықтан көпшіліктің әншілерің қайда, әріптестерің қайда деген сауалына жауап бере алмаймын. Бір биеден ала да туады, құла да туады. Мен сөйлеп жатқанда жалғыз Нұрлан жақсы екен, басқаларының өз ойы жоқ деп ойлау да қате пікір. Құдайға шүкір, менің өнерде жүрген әріптестерім, аға-әпкелерім өз кеңестерімен бөлісіп жүреді. Мына жерде дұрыс айтыпсың, кей жерінде артық кетпедің бе деген сияқты ақылдарын айтып отырады. Мен бұны олардың маған деген жанашырлығы деп білемін. Мейлінше жаныма жауды емес досты көбірек жинағым келеді. Бірақ бәрі бір құдайға аян...


– Алдағы уақытта сізден шығармашылық жаңалықтар күтеміз бе?


 – Бұрындары мен әлеуметтік желіге жүрген әдемі жерлерімді, бала-шағамды, көңілді кейіпімді түсіріп сала беретінмін. Ал соңғы кезде мен жеке өмірім туралы тіпті видео тұрмақ, рәсімдерді салмаймын. Өйткені халықтың жағдайы осындай күйде болғанда менің ыржалаңдап жүргенім үлкен әбестік деп білемін. Бәлкім өзгелерге бұл ой басқаша әсер ететін шығар. Бірақ өз басым ел жұрт ақ пен қараны ажырата алмай күйініп жатқанда ойнап-күліп жүруді қылмыс санаймын. Дәл қазір жалғыз мен ғана емес, бүкіл қазақ 16 наурызда болатын ел президентінің үндеуін алаңдап күтіп жүр. Мұндай кезеңде ештеңе болмағандай ән айтып жүре алмаймын. 


Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, ол әндер де жазылар, ол күн де туар деп ойлаймын!