"Қазақша хип-хоптың атасына" оқ атып өлтірді

745

Алматыда болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қарақшылар жас режиссер әрі рэпер Сәкен Битаевты атып өлтірген. Оқ Сәкеннің өкпесінен өтіп, ол оқиға орнында қаза болған. Бұл туралы Битаевтың досы Данияр Әділбеков айтып берді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

 

"Жанында болған досының айтуынша, олардан автокөлікті тартып алмақ болған. Бір топ бұзақы көліктің артынан келіп, есікті ашуға тырысқан. Жігіттер газды басқан, ал қарақшылар олардың артынан оқ атқан. Оқтың бірі Сәкеннің өкпесін тесіп өткен, енді ол арамызда жоқ", - деп жазды Данияр Әділбеков Facebook-те. 
Жолдасының айтуынша, Сәкен Битаев - жас режиссер, көпшілік оны "қазақша хип-хоптың атасы" деп атап кеткен. 
Сол сияқты марқұмның жары Гүлбақыт Баекенова желідегі парақшасында жолдасына қатысты жазба жариялады.
"Жүрегімді тілімдеп кеттің алтыным! Артыңда қалып, сені осылай жоқтап отырамын деп ойладым ба көкем - ау?! Ғұмырыңның осыншалықты қысқа болғанына налыймын. Маңдайыма сыймай кеткен жұлдызым. Бетіңе қарап, тілеуіңді тілеп ақ отырдым емес пе?! Мені 8 жыл алақаныңда ұстадың. Бір сөзіме қарсы келмей, “жаным” дегеніңді қалай ұмытайын? Сенің орныңды қалай толтырамын? Ішім өртеніп барады. Артымнан қайғырып отыр дегенің бе?
Аманатыңды қабыл алдым жаным. Көзіңнің ағы мен қарасы қыздарыңды кеудемде жаным тұрса жеткіземін. Тірі жанның бетіне жел боп тимеген жүрегім. Сен бар деп ештеңеден қорықпаушы едім. Сен бар деп алға нық жүруші едім. Енді қалай жарқырап өмір сүремін Сәкенім. Осыншалықты қайғыны көтере алады деп бергеніңе қарағанда менің мықты болмауға амалым жоқ. Сен менің мәңгі жүрегімнің төріндесін.  Артыңнан алақан жайып, құран бағыштаудан басқа шарам бар ма? Саған жетудің мынадай жолы бар десе, ойланбастан сол жолмен жүрер едім. Жатқан жерің жайлы болсын күнім. Алла бекіткен күні келіп алып кетерсің ботам. Сені сағынғанымды білсең ғой. Әлі талай жастығым жасқа толар. Сенің жолыңды күтемін. Қимаймын!" - деп жазба қалдырды ол. 
Марқұмның артында екі кішкентай қызы қалды.