Ресей әртістері Қазақстанға ағыла бастады

290

Бұған Алматы көшелерінде, концерттік кештерге билет алу сайттарында қаптап кеткен жарнамалық афишалар дәлел, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресей әртістері Қазақстанға ағыла бастады

Ресей мен Украина арасындағы геосаясыз тұрақсыздықтың басталғанына 3 айдан аса уақыт өтті. АҚШ пен Еуропа елдері алтыншы, жетінші санкциялар пакетін әзірлеп, Ресейді әлемдік экономикадан оқшаулауға барын салуда. Тіпті, аталған ел шикізатына тәуелділерді де қыспаққа алып, шектеулер енгізуді талап етіп отыр. 
Көрші елге жасалып жатқан "жазалар" экономикалық вакуммен шектелмеді. 
Әлем елдері олардың спортшыларын жаһандық додалардан сырт қалдырып, әртістерін мәдени шаралардан шеттеді. 


Мәселен, 17-28 мамыр аралығында өткен 75-ші Канн кинофестивалі іс жүзінде ресейліктерсіз өтті. Оның бағдарламасындағы орыс тіліндегі жалғыз туынды - саяси эмигрант Кирилл Серебренниковтың "Чайковскийдің әйелі" фильмі болды. 


"2022 жылы Канн кинофестивалін ұйымдастырушылар елдегі жекелеген режиссерлерді қоспағанда, ресейлік ресми делегацияны қабылдаудан бас тартты. Сондай-ақ, еуропалық басылымдардан келген бірнеше орыстілді сыншыны атамағанда, ресейлік журналистер аккредиттеуден де өте алмады", – деп жазды әлемдік басылымдар

Осылайша қыл бұрау түскен ресейлік шоу-бизнес өкілдері соңғы жылдары ұмытып кеткен Қазақстанға келе бастаған сыңайлы. 

Қазақстан ресейлік әртістерді жатсына ма?


Көшелерде қаптап кеткен жарнамалармен қатар, ticketon.kz, zakazbiletov.kz билет сатып алу сайттарын шолып шығып,  алдағы айларда Алматыдағы Республика сарайында 6 концерт өтетінін білдік. Оның ішінде Евгений Чебатков, Любовь Успенская, Валерий Меладзенің кештері бар.  Аталған жиындарға ең соңғы қатардағы билеттер 7 мың теңгеден басталып, алды 60 мың теңгеге дейін барады.

Ал отандық шоу-бизнес өкілдерінің билеттерінің құны 5 мың - 15 мың теңге аралығында. 


Сонымен қатар оңтүстік астанадағы Алматы Аренада да бірнеше ресейлік әртістердің шоуы өтпек. Атап айтқанда МОТ-тың концерті және Шура, Акула қатысатын 80-90 жылдардың ретро фестивалі бар. Сонымен қатар шетелден келген жұлдыздардың кештері театр сахналарында да өтеді. Мәселен, 23 қыркүйекте М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Ресейдің халық әртісі Александр Филиппенконың кеші жоспарланған. Алайда бұларға қаншалықты сұраныс бары белгісіз. Кейбіріне халық тарапынан қарсылық та бар сияқты. 


Жуырда желіде 25 мен 28 шілде арасындағы Алматыда "Жара" атты халықаралық музыка фестивалі өтетіні туралы ақпарат тарады.


Бірнеше күнге созылатын концерттік кештер халықаралық деп аталса да, бұл фестиваль ресейлік әртістердің қатысуымен өтетіні баршаға белгілі. Шараның жарнамалық афишаларында фестиваль Алматыдағы Медеуде өтеді және шілде айының соңында төрт күнге созылады деп жазылған. Дегенмен, интернеттегі пікірлерге қарағанда көпшілік бұл бастаманы қолдамады, наразылық білдіргендер де көп болды. Артынша мұз айдыны әкімшілігі "Жара-2022" Медеуде өтетінін жоққа шығарды.  

"Құрметті қазақстандықтар және Алматы қаласының тұрғындары! "Медеу" мұз айдыны" мұз стадионының басқарушы компаниясы болып табылатын "Алматы қаласының спорттық ғимараттары дирекциясы" ЖШС әлеуметтік желілерде тараған "Медеуде" Ресей эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен "Жара" халықаралық музыкалық фестивалінің өтетіні туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды!
СҒД бұл фестивальді өткізуге шарт жасасқан жоқ және ұйымдастырушыларға "Медеу" брендін жарнамалық және ақпараттық коммуникацияларда пайдалануға рұқсат бермеді
", – деп жазды спорттық кешеннің баспасөз қызметі. 

Кейін фестиваль әкімшілігі бұл локация концерттік кеш ұйымдастыруға келмейтінін хабарлап, афишалар билет сатып алу сайттарындағы барлық парақшалар өшірілді
 
Осылайша ұйымдастырушылар Қазақстанда аталған іс-шараны өткізу ойынан айнып қалғандай. Айта кететіні, "Жара" 2016 жылдан бері Бакуде жыл сайын өткізіліп келеді.


Мұндай қарсылық шоу-бизнес өкілдерінен де байқалатын сыңайлы. Мысалы, танымал қазақстандық тележүргізуші Әділ Лиян жақында инстаграм парақшасында "шетелдіктердің Қазақстанды пайдаланғанып кетпегенін қаламаймын" деп жазды. 


"Әлеуметтік желілерді шарлап отырып, Қазақстанға орыс жұлдыздарының келуі туралы ақпаратта еріксіз көзің шалады. Бұл концерттер, сұхбаттар, фестиваль, қойылымдар және т.б. Қызық, бір-екі жыл бұрын біздің адамдар Мәскеуге немесе Ресейдің басқа да ірі қалаларына жетуге тырысатын, ал қазір жұлдызды көршілер бізге жиі келеді. Олар Қазақстанға тұтас командалар немесе ТикТок хаустармен көшіп келеді. Өзгенің ақшасын санау әдепсіз екенін түсінемін, бірақ Қазақстанда сол Даня Милохин біздің жұлдыздардай табыс таба ма? Әлде оның бағасы қонақ ретінде жоғары бола ма? Ол салықты қайда төлейді?", – деп жазды тележүргізуші

Бұл ретте Адиль Лиян қазақстанға көшіп жатқан өнер адамдары салық төлеп, қазынаны толықтырса екен деген тілегін де жеткізді. 

"Түсініңізші, өнер адамдары бізге келіп, өз шығармашылығымен бөлісіп, табыс тауып жатса мен қарсы емеспін, бірақ мен шетелдіктердің Қазақстанды пайдаланғанын қаламаймын... Иә, біз әлемнің бір бөлігіміз, онда сіз өзіңізді барлығынан оқшаулай алмайсыз, егер сіз дамығыңыз келсе, ашық болуыңыз керек. Қонақтардың келуін пайдаланып, ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу және бәсекелестік арқылы деңгейімізді көтеруіміз керек. Кейбір ресейлік жұлдыздар бізге тұрақты тұруға көшіп жатқандықтан, олар тұратын елдің қазынасына салық төлейді деп сенемін, өйткені Қазақстан үшін қосымша табыс артық болмайды", – деп түйіндеді журналист.