Қалдыбек Құрманәлі: Итіме ескерткіш қоямын, уәдемде тұра алмасам, қалған сөзімнің біреуіне сенбеңдер
Танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі көп жылдар бойы өзіне адал дос бола білген итіне ескерткіш қоятынын мәлімдеді. Ол жануарына деген құрметін осылай білдірмек. "Ал уәдемде тұра алмасам, басқа бірде-бір сөзіме сенбеңдер", деп мәлімдеді ол. Бұл туралы Құрманәлі Аман Тасығанның TalkLike жобасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Композитор үш рет өлім аузынан қалған. Жуырда оның жүрегіне ота жасалған. Құрманәлі "өлемін" деп ойлап, операцияға кірмес бұрын жақындарымен қоштасып, ал итінен кешірім сұрап үлгерген.
"Өмірмен қоштасып қойған адаммын. Бірнеше адаммен қоштастым. Отаға кіретінімді білдім, оянамын деп ойлаған жоқпын.
Бірге жүрген адал достарым болды. Менде де жетіскен мінез жоқ, ренжітіп қойған адамдарым болды. Екі-үшеуіне хабарласып, кешірім сұрадым. Сонда да: "Сен мені ренжіттің ғой", - деп айтпаған. Сол үшін сұрадым. Ал "ренжіттің" деп айтқан адамдардан сұрамадым. Табылды Досымовтың әруағынан кешірім сұрадым. Қайтыс болғанда топырақ сала алмадым.
Құрманәлінің айтуынша, оның өмірде адал бірнеше досы бар. Алайда олардың ішінде жанына ең жақыны иті - Құтжол.