Әкімдіктер жаңа жылға қандай сыйлық дайындап жатыр?

403
Облыс әкімдіктері әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына жаңа жылға сыйлық әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.



Редакция республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктеріне сұрау хат жіберіп, Жаңа жылға арналған жоспарын білді. Атап айтқанда, мереке қарсаңында балаларға қандай сыйлық берілетінін және ең бастысы оған бюджеттен қанша қаржы жұмсалатынын сұрады. 

Маңғыстау облысының әкімдігі 2022 жылы жаңа жылды мерекелеуге, шырша орнатып, оны безендіруге, сондай-ақ корпоратив  өткізуге бюджеттен қаржы бөлінбейтінін мәлімдеді. Тек өңірдегі 9-дан 13 жасқа дейінгі жетім және әлеуметтік қолдауға жататын аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларына арналған әкім шыршасы өткізілетінін мәлімдеді. Облыс бойынша 5 аудан мен 2 қаладан 1150 бала қатысады. Олардың әрқайсына 100 мың теңгеден жаңа жылдық сыйлыққа жергілікті бюджеттен 115 млн теңге жоспарланып отыр. 

Ақмола облысының орталығында жыл сайын Қазақстан президентінің атынан шырша өткізіледі. Оған дәстүр бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасылардан, мүгедек балалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оқуда, шығармашылықта, спортта немесе қоғамдық өмірде жетістіктерге жеткен 200 бала қатысады. Белгілі болғандай, биыл жаңа жылдық іс-шараны сапалы ұйымдастыруға және өткізуге бюджеттен шамамен 33 млн теңге қарастырылып отыр. 

Сонымен қатар, осы сомаға балаларға 2 күндік мәдени-демалыс бағдарламасы ұсынылады: театрға, мұражайларға бару, «Сұңқар» сауықтыру кешенінде демалу, ертегі қойылымын тамашалау. Балалар үшін сыйлыққа 100 мың теңге сомасына ақшалай сертификат, тәтті дорба қарастырылған, – делінген облыстық әкімдіктің жауабында. 


Ал Атырау облысы әкімдігі өңірдегі тұл жетім балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтауға ойыншықтар, тәттілер мен бағалы сыйлықтар сатып алу үшін облыстық бюджеттен 30 млн теңге бөлу жоспарлап отыр. Алайда бұл сомаға неше бала қамтылатыны және оларға нақты қандай сыйлық сатып алынатыны белгісіз. 

Қызылорда облысының жыл сайын әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және әртүрлі санаттағы отбасылардан шыққан балаларға президент шыршасын өткізеді. Бұл дәстүр биыл жа жалғасын табады. Әкімдік 200 балаға арнайы сыйлық және тәттілер алуды көздеп отыр. Алайда оған қанша қаржы бөлінетіні белгісіз. Себебін әкімдік «мерекелік шараны ұйымдастыру шараларына қаржы бөлу облыстық мәслихат шешімі негізінде жүзеге асатынымен» түсіндірді. 

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі де президенттік шыршаға дайындалып жатыр. Оған облыстың 13 ауданы мен Петропавл қаласының жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылар, ерекше білім алуды қажет ететін балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде табысқа жеткен дарынды 200 бала (9 жастан 13 жасқа дейін) қатысады деп отыр. Бұған қоса, шыршаға қатысатын әр балаға планшет, кітап пен тәттілер түріндегі сыйлық беру жоспарланған.

Айта кетейік, аталған іс-шара аясында жаңа жылдық костюмдер байқауы өтеді. Әкімдік бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан қанша ақша жұмсайтынын ашып айтпады. 

Биыл жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімдігі президент шыршасын өткіземіз деп отыр. Соңғы 2 жылда елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл іс-шара өткізілмегенімен, осы екі жылда 400 балаға, яғни (әр жылда 200 балаға) қыстық киім (куртка, аяқ киім, спорттық  киім, спорттық аяқ киім, бас киім)  мен тәттілер (кәмпит жиынтығы) және құттықтау хат мекен жайы бойынша таратылып берілді. 

Осы жылы 100 балаға (Жетісу облысы бөлініп шыққаннан кейін) дәл сондай қыстық киім (куртка, аяқ киім, спорттық  киім, спорттық аяқ киім, бас киім) мен тәттілер сыйлау жоспарланып отыр, – делінген өңір әкімдігінің жауабында.