АУДАН ӘКІМІ АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ ҚАРАКЕТКЕН, М.ШӘМЕНОВ, БҰҚАРБАЙ БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

225

Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың  Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2022 жылдың ІV тоқсанындағы  халықпен кездесуі Қаракеткен, М.Шәменов, Бұқарбай батыр ауылдық округтерінде жалғасты,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде аудан басшысы атқарылған жұмыстарды және алдағы міндеттерді кезең-кезеңімен нақты айтып берді. 
Жалпы ауданда ауыз су желілері, жол құрылысы. газдандыру, абаттандыру, жарықтандыру бағытында 25 жоба жүзеге асырылуда.  

Сонымен қатар аудандық маңызы бар "Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр-Жаңадария" автомобиль жолының ПК-146+70 учаскесіндегі көпір қайта жаңғыртудан өтуде. Жалағаш кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда, М.Шәменов ауылындағы мәдениет үйі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Асқарбек Темірбекұлы Қаракеткен ауылына сапары барысында тұрғындар үшін қуанышты жаңалық келесі жылы демеушілердің көмегімен электр желілері қайта жаңғыртудан өткізілетіні, сондай-ақ аяқ су мәселесі мен кіре беріс жолды жөндеп беретіндігін айтты. Сондай-ақ, ауылда демеушілердің көмегімен жыл соңына дейін балалар ойын алаңы пайдалануға берілетінін де жеткізді.

Ауыл тұрғындары тарапынан дәрігерлік амбулаторияның, арнайы көліктің қажеттілігі туралы  мәселе қозғалды. Аудан әкімі амбулаторияға көлік мәселесін шешуді сала басшыларына тапсырса, дәрігерлік амбулатория құрылысы 2024 жылы жүргізілетінін айтты. 

Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Ақмырзаев атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірді.

Аудан әкімінің кезекті сапары М.Шәменов ауылында жалғасты. 

Биылғы жылы М.Шәменов ауылында 9 көше жөндеуден өткізілген, келесі жылы ауылдағы Бұқарбай батыр көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

 Сонымен қатар ауылдағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мәдениет үйі де жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады. 

Ауылдағы "Мега Агро" ЖШС тарапынан келесі жылы балалар ойын алаңы, тұрғындар үшін сквер және ауылдық мәдениет үйіне 5 млн теңгеге орындықтар алып беретіндігі айтылды. 
Ауыл тұрғындары Ысқақов Сәрсен аяқ су мәселесіне қатысты сұрақ қойса, Омаров Ернар ауылдағы балабақшаның күрделі жөндеуді қажет ететіндігі туралы ұсыныс білдірді. 
Асқарбек Есжанов тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, бұл мәселелер тікелей өзінің бақылауында болатындығын айттты. 

"Асыл ана" әжелер ансамблінің мүшесі Рәзия Жүсіпова елімізде тыныштық бірлік болғай деп тілек білдіріп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді. 

Аудан әкімінің сапары Бұқарбай батыр ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындарымен кездесуде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, халықтың ұсыныс-пікірін тыңдады. Бұқарбай батыр ауылының тұрғындары ауылда байланыс желісінің дұрыс істемейтіндігі туралы айтып, аудан әкіміне осы мәселенің шешімін тауып беруді сұрады. Аудан басшысы заңдылыққа сәйкес жұмыс жасап, жуық арада шешілуіне ықпал жасайтынын жеткізді.