Қазақстанның Құрметті журналисі Әскербек Рахымбекұлын еске алу шарасы өтіп жатыр

168
Бүгін А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әскербек Рахымбекұлы ағамыздың 80 жылдығына арналған «Қара өлеңнің құлагері» атты еске алу шарасы өтуде, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов  қаламгердің өнегелі өміріне тоқталып, еске алу кешін ашып берді.

Іс-шараға ақын ағаның көзін көрген барша әріптестері, замандастары және әдебиет сүйер қауым қатысуда.

Әскербек Рахымбекұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында 1942 жылғы 22 наурызда туған. 1965 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген.
1965-1969 жылдар аралығында «Сырдария» газетінде қызмет атқарған.1970 жылдан облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде, «Сырдария» газетінде Қызылорда облыстық теларадио комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды.
Ә.Рахымбекұлы әр жылдары облыстық «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің бас редакторы, осы газетте редактордың орынбасары, кеңесші болды. 1970 жылдан бері облыстық «Сыр бойы» бұрынғы «Ленин жолы» газетінде қалтқысыз қызмет істеп келеді. Қаламгер бірнеше жыр жинақтарының авторы, «Жалын» баспасы жабық бәйгесінің екі дүркін жүлдегері.
Оның «Тұсаукесер», «Сырдария әуендері», «Тұлпар туралы дастан», «Ғашық жүрек», «Айдынынан айырылған Аралым – ай», «Алтын Арай», «Тұлпарлар тағдыры», басқа да жыр кітаптары шықты.
Әскербек Рахымбекұлы – «Сырдария» кітапханасы атты 200 томдық кітаптар сериясы редакторының бірі. Екі мәрте «Жалын» баспасы жариялаған жабық бәйгенің жүлдегері.
Қаламы қуатты қаламгер Ә.Рахымбекұлы руханияттың алып бəйтерегі, айналасына жыр-шуақ шашқан, Сырдың сырбаз мінезіндей сыралғы, ойы терең, сөзі сұңғыла ақын көркем əдебиеттің де көрнекті өкілі еді. Аймақ мəдениетінің дамуына да айрықша атсалысты.
Əсіресе, айтысты дамытуға, əн жанрына қосқан сүбелі үлесі ел жадында сақталатын болады. Бір ғана келіндерге арнап жазған өлеңі өнер əлемінде əлі де шарықтап келеді.
Расында, ол – әділеттің ақ жолынан айнымай, шығармашылық мұратының шыңына шыққан жан.