Сүйегі табылған Бауыржан Дәуітбаевтың отбасына мемлекет баспана әпермек

277
Марқұмның шашылған сүйегінің бөлшектері мен киім қалдықтары жарылыс болған әскери бөлімнің ауласынан табылған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, жарылыс болды. Салдарынан 17 адам қаза тапты, бір адам хабар-ошарсыз кетті. Сол уақыттан бері кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтан еш хабар болмады.

Марқұмның шашылған сүйегінің бөлшектері мен киім қалдықтары жарылыс болған әскери бөлімнің ауласынан табылған. Табылған сүйекке жасалған сараптама із-түссіз жоғалған ер адамға толық сәйкес келген. 

Іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылдың 26 тамызынан бастап жүргізілді. Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді, - делінген Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта.


Қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты болады. Сонымен қатар марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Қарулы күштердің жеке құрамы орны толмас шығынға байланысты марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтты.


Марқұмның жерлеу рәсімі бүгін яғни, бірінші желтоқсанда Жамбыл облысы Базарбай ауылында өтеді.