2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге кіргізілген шетелдік көліктер заңдастырылмақ

384
Заңдастыру бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агентігі. 



ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаевтың сөзінше, Парламент Салық кодексіне алғашқы түзетулерді қабылдаған. Заңдастыруға жататын көліктерді тіркеу үшін төленетін алым 200 мың теңге деп белгіленген. 

Бір мезгілде екінші заңжобаның аясында Экологиялық кодекске түзетулер енгізілуде. Ол жерде заңдастырылатын автокөліктер үшін кәдеге жарату төлемін алып тастау бөлігінде түзетулер енгізіледі. Аталған түзетулер басқа заң жобасы шеңберінде Парламентте қаралуда. Одан басқа Ішкі істер министрлігі заңдастыруды жүргізудің тәртібін, шарттары мен мерзімдерін айқындайтын Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуде. Аталған жоба ағымдағы жылдың 29 қарашасында ашық талқылау рәсімінен өту үшін ІІМ-нің ресми сайтына орналастырылды, – деді ол. 

Қандай көліктер заңдастырылмайды?


Іздеуде жүрген (қылмыстық көлік) немесе толық кедендік тазартудан өтпеген, сондай-ақ 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктер.

Қазақстанда қанша шетелдік көлік бар?


Елімізде 2022 жылдың қыркүйегіне дейін 300 мыңнан аса шетелдік көлікке автосақтандыру полисі рәсімделген. Автосақтандырудың ең көбі Ресейден келлген (260 мың) көліктерге рәсімделген. Қырғызстан автокөліктері – 25,5 мың, Армения көліктері – 18 мың.

Шетелдік көліктерді заңдастыру қашан басталады және қанша уақытқа созылады?


Көліктерді заңдастыру тиісті заңдық өзгерістер күшіне енген соң және сәйкес Үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін басталады. Әзірге заңдастыруды жарты жыл бойы өткізу жоспарланып отыр. 

Көліктің Қазақстан аумағына қашан кіргені қалай анықталады?

Көліктің кіргізілген күні ҰҚК Шекара қызметінің деректері негізінде анықталады. Бұл процесс толығымен автоматтандырылған. Егер көлік жайлы ақпарат Шекара қызметінде болмаса, бұл мәлімет автосақтандыру полисі алғаш рәсімделген күн бойынша айқындалады. 

Азаматтар рөлі оң жақта орналасқан көліктерді заңдастыра ала ма?

Мемлекет басшысы көліктерді заңдастыруға қатысты екі критерий белгілеген: 

1) Автокөлікке іздеу жарияланбауы керек;

2) Кедендік тазалаудан өтуі керек.

Егер авокөлік бұл талаптарға сай келсе, тіркеу кезінде ешқандай кедергі болмайды. 

Автокөліктердің шығарылған жылы мен экологиялық класы бойынша заңдастыруға шектеулер бола ма? 

Заңдастыруға жататын көліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды. 

Қазақстанда “сары” нөмірлерді бере отырып, уақытша тіркелген “армян” автокөліктерін заңдастыруға бола ма? 

Біздің елде уақытша тіркелген “армян” автокөліктері де заңдастыруға жатады. Оларды кедендік декларациялау талап етілмейді, себебі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып танылады. 

Көлікті заңдастыру үшін қанша төлеу керек? 

Негізгі төлем – бастапқы тіркеу үшін алым, ол 200 мың теңге. Қалғаны техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін алынатын төлемдер, олар үшін тағы 13 171 теңге төлеу қажет (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік нөмір мен техникалық паспорт үшін төлем сомасы шамалы өзгереді, өйткені баждар АЕК-ке байланысты есептеледі). 

Заңдастыру процесі қалай жүреді? 

Заңдастыруға өтінішті “Электрондық үкімет” порталы арқылы немесе арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке өтініш жасау арқылы беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік құралы іздестіру базалары бойынша тексеріледі. Одан кейін автокөлік арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Содан кейін егер талап етілсе, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі, 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы алым, сондай-ақ техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі.