Қоғам
104

Сәбидің маңдайын лезвиемен тесіп хиджама жасаған маманның бейнежазбасы жұрт ашуын туғызды

Желіде сәбидің маңдайын инемен тесіп, қан шығарған бейнежазбалар қоғамдық сын тудырды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



“Сәби қой ауруын қию” атымен таралған бейнежазба көптің талқысына түсті. Маман бөбектің маңдайы мен самайын лезвие инесі арқылы тесіп, қанын шығарады. Айтуларынша, осы арқылы баланың бас ауырғаны қойып, тынышталады және жылауын қояды. 

Қой ауруын қиып емдеу қазақтың ырымында бар. Бұрын мазасы кетіп, қызуы біресе көтеріліп, біресе іші өткен сәбидің тамырларын күміс теңгемен баса отырып емдеген. Қой ауруына шалдыққан баланың тамырлары терісінен шодырайып көрініп тұрады.

Ал хиджама – дәстүрлі медицина әдісі. Ол бойынша дененің түрлі бөлігіне ине салып, арам қанды шығарып тастайды. Оны мамандар шариғат бойынша емдеу деп қарастырады. 

Мұны көрген желі қолданушылары хиджама орталықтарын сынға алып, балаға қиянат жасауға болмайтынын жазады. Ежелгі медицина әдісіне заманауи мамандар да қарсы шығып, қазіргі таңда медициналық қауіпсіз шаралар көп екенін айтты.

21 ғасырда қан шығарып емдеу, расымен бе? Қарапайым лезвиемен бетті тесіп шығу, меніңше, жай бетті жарақаттау. Соған ағзамызда жауап ретінде биохимиялық процесстер жүреді. Косметологиялық хиджамаға жүгінген қанша қыздың бетінде тыртық қалып қойды. Дене мүшеміздің қай жерін кесіп алсақ та, жазылу үшін ағзада арнайы процесс жүреді. Алайда медицина индустриясы үздіксіз дамып, алға жылжып жатқанда, орта кезеңнің әдісін қолдану қаншалықты орынды екенін айта алмаймын, – деді косметолог-нутриоцолог Жанна Нұралы.

Қоғам белсендісі Дина Смайылова да бейнежазбаны әлеуметтік желіде бөлісіп, өз қарсылығын білдірді.

Бұл не деген жабайы ем?! Біз расымен 21 ғасырда өмір сүреміз бе? Неге мұндайды жарнамалайды?!, – деп жазды ол.

Балаға ем жасаған маман мұның қауіпсіз екенін, мемлекеттік рұқсат қағазы барын және көптеген аналардың риза екенін жазды. 

Бұл баяғыдан бар нәрсе, әсіресе Батыс Қазақстан мен қырғыз халқы мұны жақсы біледі. Ал басқа өңірлер білмегендіктен, үрки қарап, жаман пікір жазуда. Қазақша қой ауруы деген –  гипоксия, гипер-гипотонус, рахит аурулары. Ем-шара қан айналымын жақсартады. Осыған дейін қанша балаға жасалды, біреуі жарақат алып, зақым көрмеген, керісінше аналары баланың жақсарғанын айтып, алғыс білдіруде, – деп жазды хиджама емдік орталығының маманы Рабиға Раушанқызы пікір білдірушілерге. 

Денсаулық сақтау министрлігі әзірге бұған қатысты жауап бермеді. Ал Атырау облысының полиция департаменті пікір білдірді.


Бұл фактіге қатысты тексеріс жүргізілуде, – деді ПД баспасөз хатшысы.