Қызылордада даладағы әжетханаға бармақ болған оқушы батпаққа оңбай батты

326
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында №169 мектеп оқушысы дала әжетханасына барар тұста батпаққа батты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.




Қызылорда облысында толассыз жауын жауып, халықты әбігерге салуда. Көшелерде мұзтайғақ орын алып, тұрғындардың қимыл-қозғалысына қиындық туғызды. Әсіресе, мектеп оқушыларына қиын. Жаңақорған ауданында тіпті жеткіншек май батпаққа батып қалған, қыз баланы жоғары сыныптың білім алушысы құтқарған.

Бүгін мектебімізде су болған жоқ. Сол себепті бірінші ауысым оқушылары сырттағы әжетханаға баруға мәжбүр болды. Бұл мектепке көшіп келгенімізге 20 күн енді толады. Бұрын бұл жер көлдің орны болған. Оқушы қыздың жылағанын абырой болғанда жоғары сынып оқушылары естіп, көмекке келген. Батпаққа батып қалған жеткіншек әжетханаға асыққан болуы керек, - дейді Самал есімді аудан тұрғыны.

Расымен, мектепте бүгін ауыз судың ақпағанын аудан басшылығы да растап отыр. Батпаққа батып қалған жеткіншек дереу үйіне қайтарылған.




Жаңақорған кентінде орналасқан Н.Илялетдинов атындағы 169 орта мектеп орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. 2 ақпан күні орталықтандырылған су жүйесінде орын алған ақауға байланысты түске дейінгі аусымда мектептің ішкі әжетханалары уақытша тоқтатылды. Осыған сәйкес мектеп сыртындағы әжетхана уақытша ашылды.

Бейнежазбада көрсетілгендей, сыртқы әжетханаға ойын алаңымен барған бастауыш сынып оқушысы байқаусызда батпаққа түскен соң жоғары сынып оқушысы көмек көрсеткен. Түстен кейінгі аусымда мектепке су толық беріліп, ішкі әжетханалар іске қосылды, - деп мәлімдеді Жаңақорған аудандық білім бөліміндегілер.