Қызылордалық оқушылар түрме ғимаратында білім алуда

1 767
Қызылордалық шенеуніктер құрылысы басталуға тиіс жаңа мектепке әлі күнге дейін орын дайындамаған деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.


Нысан салынады деген жердің біраз бөлігі жеке кәсіпкерлердің меншігінде. Сол үшін мыңға жуық оқушы бірнеше жылдан бері бұрынғы түрменің ғимаратында білім алуға мәжбүр.

Қызылорданың Ақмаржан шағын ауданындағы бұрынғы түрме ғимараты болған мектептің орнына екі айдан соң жаңа мектеп қабырғасы қалануы керек. Бұл үшін "Самұрық – Қазына" Constracion-нан  қаражат бөлінді. Соған қарамастан, жергілікті шенеуніктер жұмыстарын атқара алмай отыр. Ата-аналардың айтуынша, жаңа нысан тұрғызылуы керек 2,4 гектар жердің төрт мың шаршы метрі әлі күнге жеке азаматтардың еншісінде.

Осы жерге мектеп салынады деп жоба бойынша сызба сызылды. Ал енді мектеп салынады деп тұрып, неге мына жердің барлығын коммерциялық мақсатқа сатады? Әкімдік "сіздерге ондай мектеп салуға қаражатымыз жоқ" дейтін болса, халықтан жинайық, – дейді ауыл тұрғыны Дәрігүл Жалбырова.

10 жылдан бері құр уәдеден шаршаған ата-аналар әлі күнге орны дайын емес нысанға бөлінетін қордың қаражатынан қағылып қалудан қорқады. 40 жыл бұрын түрме болған қазіргі мектепте мың оқушының білім алуына жағдай жасалмаған. Ғимарат тар болғандықтан, дәлізде екі оқушы қатар жүре алмайды. Оның үстіне акт залы, зертханалық кабинеттер жоқ. Ескі ғимараттың талапқа сай келмейтінін мектеп директоры да растап отыр.

Балалар үшін тығыздау. Оқу стандартына сәйкес келмейді. Соған байланысты қазір бұл мектептің жарамсыздығы жөнінде жұжаттар дайындалып жатыр. Осы бір-екі күннің көлемінде аяқталса, қорытындысын аламыз. Егер қорытындысын алатын болсақ, мектеп бұзылуға жатады, – деді Қызылорда қаласы №197 орта мектептің директоры Еркін Ақшалов.

Жауапты басқармадағылар кәсіпкерлермен екі жақты келісім жүргізіліп жатыр дейді. Айтуларынша, азаматтар меншігіндегі жер телімдерін мемлекет меншігіне бермесе де, мамандар жаңа мектептің жобалық құжаттарын дайындап жатыр.

Ол жерге мектеп салынатыны анық. Сондықтан қала әкімдігінен мемлекет мұқтажына алу жөнінде қаулы шықты. Шектеулердің барлығы қойылды. Құрылысқа байланысты ешқандай тоқтау жұмыстары болмайды, – деп мәлімдеді Қызылорда облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Дінмұхамед Сырлыбаев.

Әлі күнге жерінің біраз бөлігі жекенің меншігіндегі мектептің екі айдан кейін құрылысы басталады дегенге ата-аналар сенімсіздікпен қарайды. Бұрын түрме болған нысан сараптамадан кейін сүрілуі мүмкін. 
OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.