Жемқорлардан тәркіленген 120 млрд теңге қайда жұмсалмақ?

880
Жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген 120 миллиард теңге еліміздегі мектеп құрылысына жұмсалмақ, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, жемқорлықтан түскен қаражат мектептерді жөндеу жұмыстарына жұмсалады. 

Бүгінгі таңда  бұл шотта 120 миллиард теңге бар. Біз Оқу-ағарту министрлігінен өтінімдер күтеміз. Жөндеуді қажет ететін мектептерге ақша бөлеміз. Алдымен үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі, онда оқу бөлмелерін кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет. Өтінімдерді жинақталғаннан кейін республикалық бюджет комиссиясына шығарамыз, содан кейін бұл ақшаны өңірлерге жібереміз,- деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар журналистер Қаржы министрінен жақында Бас прокуратураға құны 50 миллион теңгеден асатын Lexus маркалы тәркілген автокөлік берілгенін айтып, министрлік тарапынан қымбат мүлікке қатысты ереже өзгере ме деп сұрады. 

Аталған көлікке қатысты мәліметті қарап шықтым. Осы орайда Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиісті тапсырма бердім, яғни аталған ереже қайтадан қаралады, - деп жауап берді Ерұлан Жамаубаев.