Қармақшыда "Аялы әже" форумы өтті
Республикалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен еліміздің әр өңірінде қолға алынған «Аялы әже» форумы Қармақшы ауданында жалғасын тапты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгін аудан орталығындағы «Руханият» орталығында өткен тағылымды шара ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі – әжелердің қоғамдағы рөлі мен маңызын кеңінен насихаттауға арналды.
Форум жұмысы қазақ халқының көнеден келе жатқан ұмыт қалған салт-дәстүрлерінен қойылымдармен бастау алды. Атап айтқанда, «Арқаластыру», «Танабау тағу», «Босаға майлау» рәсімдері көрініс ретінде сахналанып, көрермендерге терең әсер қалдырды. Сонымен қатар, Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған тарихи-танымдық көрмені тамашалап, аудандық балалар әуез мектебінің оркестрі ұсынған күй-шежірені тыңдады.
Форумның салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы қатысып, қатысушыларды аудан әкімінің атынан құттықтап, елдің әлеуметтік-мәдени өміріне белсене араласып жүрген аяулы әжелерге Алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, отбасы – рухани байлықтың, ұрпақ сабақтастығының және ұлттық тәрбие бастауының алтын ұясы екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, әжелер ансамблінің төрайымы Талмаш Жұмабаева, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Мұсахан Басшыбаев ізгі тілектерін білдіріп, әжелер мектебінің ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы ой бөлісті.
Форум соңы аудан өнерпаздары мен әжелер ансамблінің өнерімен жалғасып, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Қармақшы аудан әкімдігі