Мәскеуде Томирис Байсафаның өліміне күдікті ақталып шықты

384
Қазақстандық Томирис Байсафаның өліміне күдікті деп танылған Дағыстанның бұрынғы премьер-министрінің ұлы Муртузали Меджидов ақталып шықты. Алқабилер оны кінәлі емес деген үкім шығарған. 

РИА Новости Мәскеудегі Никулин сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, атышулы іс бойынша сот процесінің аяқталғандығы туралы хабарлады. 


"Алқабилердің үкіміне сәйкес, Меджидов ақталып, сот залында қамаудан босатылды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. 


Тағы бір сот отырысы 8 маусымға жоспарланған. Онда алқабилердің үкімі талқыланады, деп хабарлады сотталушының адвокаты Магомед Эсендиров ТАСС-қа. 


Еске салсақ, 2018 жылдың 3 мамырында Мәскеуде университет ғимаратынан құлаған қазақстандық студент Томирис Байсафа қайтыс болған еді. 


Ресей тарапы аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. 


Сонымен қатар, тергеу органдары марқұмның өзіне қол салуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырды. Алайда Томирис Байсафаның анасы өмірге құштар қызының өзін өлтіруі мүмкін емес екенін айтқан болатын. 


Сондай-ақ, қазақстандық арудың өліміне қатысты істе Дағыстанның бұрынғы премьерінің ұлының есімі де аталған еді. Олардың жақын қарым-қатынаста болғаны да айтылды. Кейін одан жауап алынғаны да хабарланды. 


Ал 2020 жылдың 28 шілдесінде Муртузали Меджидовтің ұсталғаны белгілі болды. Ресейдің тергеу комитеті оған қатысты 105-бап бойынша ("Кісі өлтіру") қылмыстық іс қозғады. Кейін ол қамауға алынды.