Елімізде зейнетақы мен жұмыспен қамту туралы заңдар күшін жоймақ

1 179
Қазақстанда кейбір заңдар күшін жойып, олардың орнын Әлеуметтік кодекс алмастырмақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



"Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заң жойылады. Оған қоса "Халықты жұмыспен қамту туралы", "Мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қорғау туралы" және басқа да бірқатар заң күшін жояды. Олардың орнын Сенат депутаттары бүгін бірінші оқылымда қабылдаған Әлеуметтік кодекс алмастырады.

Кодекс жобасында қазақстандықтарды әлеуметтік қолдаудың жеті негізгі бағыты, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және зейнетақымен қамтамасыз ету шаралары көрсетілген:

  • балалары бар адамдарды (отбасын) әлеуметтік қолдау;
  • халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары;
  • кедейлік шегінен төмен тұратын отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек;
  • арнаулы әлеуметтік қызметтер;
  • мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау;
  • зейнетақымен қамтамасыз ету;
  • азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде асыраушысынан айырылғандарды әлеуметтік қолдау.

Қазіргі уақытта бұл мәселелер тоғыз тәуелсіз заңмен реттеледі, олар Әлеуметтік кодекс қабылданған соң күшін жояды. Сонымен қатар, жаңа кодекс бюджеттен де, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да қолжетімді барлық әлеуметтік кепілдік пен әлеуметтік қолдау нысанының сақталуын қамтамасыз етеді, - делінген заң жобасының қорытындысында.

"Әлеуметтік кодекс мемлекеттік қолдау парадигмаларын түбегейлі өзгертуді ұсынады: ол зардаптарды жоюға емес, қиын өмірлік жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталады.

Екіншіден, бүгінде қолданылатын әлеуметтік қызметтерді көрсетудің декларатив түрінен оларды көрсетудің айқындаушы және проактив форматына көшуді қамтамасыз ететін әлеуметтік саланы тереңдету көзделген", - деп еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова заң жобасын таныстырды.

Үшіншіден, оның айтуынша, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігі тек мемлекетке ғана емес, жұмыс беруші мен азаматтардың өздеріне де жүктеледі.

Бұл міндеттемелер жаңа әлеуметтік келісімшарт аясында жүзеге асырылады. Төртіншіден, әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту шаралары өнімді және ресми жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталады, - деді министр.