Қызылордадағы істі болған азаматтар да сайлау күні өз таңдауларын жасады

164

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасы №68 мемлекеттік мекемесінде қамауда отырған 164 азамат сайлауға қатыстырылып, өз таңдауын жасады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конститутциялық заңға сәйкес, үкімі заңды күшіне енбеген тергеу изоляторында ұсталынатын кәмілетке толған азаматтардың жалпыға бірдей сайлау құқығы бар. 


Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасы №68 мемлекеттік мекемесінде №235 жабық сайлау учаскесі орналасқан. Жауапты маманның айтуынша, тергеу изоляторында, ұрлық, бұзақылық, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық  қылмыстары бойынша тергеліп жатқан азаматтар отыр. Олар таңғы сағат 7:00-ден бастап мекеме қызметкерлерінің қадағалауымен топ-топпен келіп дауыс берді. Бұл уақытта мекемеде қауіпсіздік шаралары күшейтіле түсті. 


«Таңдау жасау барысында дауыс берушілердің әрекетін  бақылаушылар  жіті қадағалады», - дейді жабық учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы.


Айта кететін жағдай, дауыс берушілердің арасында 15 әйел азаматша бар. Жаза басып, қылмысқа тартылған тергеудегі бұл азаматшалар елдің болашағына алаңдап, өз таңдауларын дұрыс жасап, дауыс беру орнына өзге азаматтардан бұрын ертерек келіп, белсенділік танытты.