Әкімдік мүгедек баланы тәрбиелеп отырған «Алтын алқа» иегерін баспана кезегінен шығарып тастаған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты баспана кезегінен заңсыз шығарылған көпбалалы ананың тұрғын үйге құқығын қалпына келтірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2016 жылы 7 баланың анасы тұрғын үй комиссиясының шешімімен «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатына жатқызылып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегіне қойылған. Алайда екі жылдан кейін тұрғын үй комиссиясы әйелдің Атырау облысы Мақат ауданында күйеуінің атына тіркелген үйі бар екенін алға тартып, отбасыны кезектен шығарып тастаған. Бұған наразы болған көпбалалы ана Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арызданып, бұрынғы кезегін қалпына келтіруді талап етеді.
Талап қоюшының көпбалалы ана екенін, «Алтын алқа» алқасымен марапатталғанын және оның отбасы «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы халықтың әлеуметтік осал тобына жататынын анықтаған. Күйеуінің атындағы үй Мақат ауылынан 22 шақырым жерде орналасқандықтан, олар мүмкіндігі шектеулі баланы үйде оқыту үшін облыс орталығынан пәтер жалдауға мәжбүр болған.
Осылайша көпбалалы ана «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне қайта еніп, баспана кезегі қалпына келтірілді.