Арал ауданында жаңа жобалар бастау алды

175
Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Аманөткел ауылдық округіне қарасты Аққұлақ елді мекенінде болып, жол құрылысының барысымен танысып өтті,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
 
Ауыл тұрғындарының бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан жол мәселесі биыл шешімін тауып жатыр. Яғни, жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын ауылға кіре беріс автомобиль жолының қаржысы республикалық бюджеттен қолдау тауып, жеңімпаз мердігер мекеме анықталған. Ал жобаның жалпы құны – 688,4 миллион теңгені құрайды. Бүнігі күні тиісті жұмыстарды атқаруға республикалық бюджеттен 205 миллион теңге қаржы бөлініп, аталған құрылысты «Строй Модуль – Астана» ЖШС жүргізеді.

Аудан әкімі Серік Сағитжанұлы жауапты бөлімге құрылысты сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды. Мұнан кейін аудан әкімі Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі 21 шақырымды құрайтын «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс» автожолының құрылыс барысын бағамдады. Бұл нысанның жұмыстары 2021 жылы бастау алған болатын. Жобаның жалпы сомасы 1 млрд. 534 миллион теңгені құраса, тиісінше 2021 жылы 225 миллион теңге, 2022 жылы 680 миллион теңге бөлінсе қалған 458 миллион теңгесі биыл қаралған. Қазіргі уақытта жолдың астыңғы қабат жұмыстары толығымен аяқталып, бүгінде қалған жұмыстар жалғасуда. Ағымдағы жылы автожол пайдалануға берілмек. 

Кезекті жұмыс сапары барысында аудан әкімі Серік Сермағамбетов 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасының» орындалуын саралады. Соған сәйкес бүгінде ауданда ілкімді істер атқарылып жатыр. Мәселен, 2022 жылы ауданда 704,2 гектар егін орналастырылса, биыл егін көлемін 1500 гектарға арттыру көзделуде. Аталған жол картасына орай Қамыстыбас пен Аралқұм ауылдық округтері әкімдіктері бірлесіп Қамыстыбас көлінен Тоқпай көлін толтыру бағытында жасалған каналдың жұмысымен танысты. Бұл гидронысан бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асқан. Нәтижесінде Аралқұм ауылдық округі тұрғындарының егін шаруашылығымен және тоғанды балық шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік туындап, тиісінше бекітілген жерлерді игеруге инвестор тарту көзделуде.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесуде іске қосылған канал арқылы ендігі кезекте ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалардың саны артқанын жеткізді. Сондай-ақ диқаншылықпен айналысамын деушілерге мемлекеттік қолдаулар мен бағдарламалардың тиімділігін баяндап, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті өнімнің маңыздылығын айтып, ауыл тұрғындарының бастамаларына сәттілік тіледі.