Қазақстанның солтүстік және батыс ауылдарын су басты

1 503

Фото: ©скриншотҚазақстанда су тасқыны басталды, солтүстік пен батыста ауылдарды су басып жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Zhasalash.kz сайтына сілтеме жасап.(Видео)

Қазақстанда көктемгі су тасқыны маусымы басталып, алғашқы зардаптар тіркелуде. Бірқатар өңір тұрғындары елді мекендерде көшелердің су астында қалғанын, жолдардың шайылып кеткенін хабарлап жатыр. Осыған байланысты төтенше жағдай қызметтері күшейтілген режимге көшті. Өткен түні Мичурино ауылы тұрғындары еріген қар суының көшелерге лап қойғанын айтып, шұғыл әрекетке көшті. Жергілікті билік бірқатар жолдарды әдейі бұзып, судың бағытын өзгерту арқылы қауіпті азайтты. Аудан әкімі Олжас Нұрғалиев тұрғындарды сабырға шақырып, барлық қажетті техника мен мамандар жұмыс істеп жатқанын хабарлаған.

Қазіргі кезде су тасқыны тек батыс өңірлерде емес, орталық аймақтарды да жайлауда. Қарағанды облысында су деңгейі көтеріліп жатыр, бірақ әзірге қауіпті шекке жеткен жоқ. Ал Ақмола облысында қардың қарқынды еруі тіркеліп, Қоянды ауылында жағдай күрделі. Тұрғындар әлеуметтік желілерде су басқан көшелердің видеоларын жариялап, бұл аймақтың бұрын да тасқыннан зардап шеккенін еске салуда. 2024 жылы жергілікті халық жолдарды жауып, биліктен төтенше жағдай жариялауды талап еткен болатын.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі су тасқынын болжау жүйелерінің дәлдігі кей жерлерде жеткіліксіз. «ФБРК» телеграм-арнасының негізін қалаушы Кирилл Павлов кейбір мемлекеттік болжамдарда қателіктер болғанын атап өтті. Ал Қазгидромет өкілдері тасқынның шарықтау шегі сәуір айының ортасында болуы мүмкін екенін ескертеді. Ұйым төрағасының орынбасары Әсет Қалиев соңғы 50 жылдағы климаттың жылынуы Қазақстанда айқын байқалып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, ел мұхиттардан алыс орналасқандықтан климаттық өзгерістердің әсері одан сайын қатты сезіледі, ал алдағы жылдары мұндай табиғи құбылыстар жиілей түседі.

Қазірдің өзінде Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында құтқарушылар бөгеттерді нығайтып, өзен-көлдердегі мұзды жарып жатыр. Бұл шаралар судың біркелкі еруін қамтамасыз етіп, күрт тасқынның алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар кейбір өңірлерде қосымша эвакуациялық пункттер дайындалды, тұрғындарға қауіпсіздік ережелері бойынша ақпарат берілуде. Министрлік пен жергілікті билік қауіпті аймақтарды үздіксіз бақылауда ұстап, тұрғындарға алдын ала ескертулер мен қауіпсіздік шараларын сақтау туралы үнемі хабарлама жіберіп отыр.