Автобустан құлаған әйел мүгедектер арбасына таңылды
Түркістанда автобусқа мінген әйел құлап, мүгедектер арбасына таңылып қалды, сөзінше автобусқа мінген кезде жүргізуші есікті жаппай, салдарынан әйел баласымен бірге ұшып кеткен,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан тұрғыны Лаура Досова бір айдан астам уақыттан бері мүгедектер арбасына таңылып отыр. Оның айтуынша, қайғылы жағдай қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған. Оқиға 3-ші ақпанда болған әйел кішкентай баласымен бірге автобусқа мінген. Көлік қозғала бастаған сәтте жүргізуші есікті толық жаппаған. Соның салдарынан Лаура баласымен бірге жолға құлап кеткен. Оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады. Дәрігерлер Лаураның оң аяғы екі жерден сынғанын анықтаған. Оның денесіне 28 тігіс салынған.
"Апаттан кейін жағдайым өте ауыр болды. Дене жарақаттарынан басқа, мен қатты эмоциялық соққы алдым. Бірнеше ота, ауырсыну – бәрі өте қиын болды. Мен әлі емделіп жатырмын", – деді Лаура Досова. (Видео)
Қазір оған ұзақ мерзімді оңалту және ем қабылдау қажет. Әйелдің айтуынша, оқиғадан кейін жауапты тараптан ешкім хабарласып, жағдайын сұрамаған, кешірім де сұралмаған. Сонымен қатар, ол психологиялық күйзеліске түскенін айтады. Алғашында бұл оқиға бойынша әкімшілік іс қозғалған. Алайда зардап шегуші жарақаттарының ауырлығы дұрыс бағаланбағанын айтып, қайта шағым түсірген. Соның нәтижесінде іс қылмыстық сипатқа ауыстырылған. Қазіргі таңда тергеу жалғасуда. Лаура Досова әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылуын, сондай-ақ өзіне келтірілген материалдық және моральдық шығынның толық өтелуін талап етіп отыр.
"Полиция Түркістан қаласында 3 ақпанда болған қоғамдық көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, автобус жүргізушісі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпей жүріп кеткен. Нәтижесінде бір жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді",- дейді Түркістан облыстық полиция департаменті.
Автобус депосы бұл жағдайға қатысты соттың ресми шешімін күтетінін және сол шешімге сәйкес тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеген.







