Қалада инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасын табады
Облыс орталығының инфрақұрылымын жақсартуда келер жылы жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Өткен жылы облыс әкімінің үйлестіруімен «Акса энерджи» түрік компаниясы құны 215 миллиард теңге болатын қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының құрылысын бастаған еді. Аталған нысан алдағы жылы іске қосылып, қаланы сапалы жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етпек.
Сонымен қатар қаланы өзге аймақтармен байланыстыруда жаңа әуежай ғимараты да салынуда. Бүгінде құрылыс жұмыстары тәмамдалған нысан меценат Болат Өтемұратовтың қолдауымен басталған. Жоба құны 15,7 миллиард теңгені құраған «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы да таяу күндері алғашқы жолаушыларын қабылдайды деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауынан іргесі қаланған жаңа автовокзалдың да жақын күндері ел игілігін көрмек. Жаңа автовокзалдың жоба құны 975 миллион теңгені құраған. Сапаржайды барлық стандарттарға сай деуге болады.
Сондай-ақ биыл қалада қайта жаңғырған ғимараттың бірі – темір жол қақпасы. Қазіргі таңда вокзал ғимараты мен аумағы жаңаша кейіпке енген. Оның жөндеу жұмыстарына демеушілер 255 миллион теңге, «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы 322 миллион теңге бөлген.
Қалада қарқын алған жұмыстың бірі – жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағыты. Бұл бағытта бұған дейін 5,7 миллиард теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауында басты көше жолының Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізімен жанасатын көлік айырығы пайдалануға берілген болатын. Бұдан бөлек, құны 350,1 миллион теңгеге «Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірі табысталды. Сонымен бірге 304 миллион теңгеге Ғ.Мұратбаев көшесі мен А.Яссауи көшелерінің қиылысындағы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпірі де пайдалануға берілді.
Қала, қалаға қарасты кент, ауыл тұрғындарының базынасы болған жол мәселесі де былтыр оң шешімін тапты. Бұл ретте қала, оған қарасты кент және ауылдық округтердегі жалпы ұзындығы 185,7 шақырым болатын 269 көшеге орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оған 10,6 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Сонымен қатар, 690 миллион теңгеге
19 көшеге жаяу жүргінші жолы салынып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды.
Қаланы көркейту әрі инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Инфрақұрылым - (латынша infra - төменгі, астыңғы, structura - құрылыс, орналасу) - экономиканың және адамдардың қызмет етуінің жалпы жағдайларын жасауды қамтамасыз ететін халық шаруашылығы салаларының жиынтығы (мысалы өндірістік инфрақұрылым - жолдар, көлік, байланыс, электрмен қамту желісі, қоймалар және т.б.; әлеуметтік- тұрмыстық инфрақұрылым - тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, сауда, жолаушылар көлігі және байланыс, білім беру, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау және т.б.; экологиялық инфрақұрылым - тазалаушы құрылымдар, бөгеттер, дренажды жүйелер, саябақтар және т.б.
Материалдық өндіріс пен қоғамның өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету үшін қажетті ғимараттар, жүйелер мен қызметтердің жиынтығы.