Бір мандатты округтер бойынша 104 кандидатқа сайлау жарнасы қайтарылмақ

177

Бір мандатты округтер бойынша сайлауға түскен 104 үміткерге сайлау жарнасы қайтарылады, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина мәлімдеді.


"Бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс сайлауына қатысқан 370 кандидаттың 104-іне сайлау жарнасы қайтарылады. Қалған 266 үміткер 5%-дан аз дауыс жинады. Сайлау жарнасы 2 партияға да қайтарылады: Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Respublica партиясы. Ал «Байтақ» жасылдар партиясы межелі дауысты жинай алмады.


Қалған партиялар Конституциялық заңның 88-бабына сәйкес, сайлау жарнасын енгізбеді. Өйткені олар бұрын Мәжіліс сайлауына қатысқан және 5 немесе одан да көп пайыз дауыс жинаған. Сондықтан олар сайлау жарнасын төлемейді", – деді Сәбила Мұстафина.


Бір мандатты округтер бойынша сайлауға қатысқан үміткерлер 1 млн 50 мың теңге мөлшерінде сайлау жарнасын төлеуге тиіс.


Айта кетейік, сайлауда Мәжіліске 6 партия өтті. Сондай-ақ бір мандатты округтер бойынша 29 үміткер Мәжіліс депутаты атанды.