Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындала бастады
Мемлекет қазақстандық отбасыларға құжатсыз проактивті форматта атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуды ұсынуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
АӘК алушыларына әлеуметтік көмек алу мүмкіндігі туралы хабарланады. Хабарлама 1414 нөмінінен SMS хабарлама түрінде жолданады. Аталмыш көмекті мемлекеттік деректер базасында қамтылған АӘК критерийлеріне сәйкес келетін азаматтар алады.
Бұл былай жұмыс істейді:
- атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаж – АӘК алушыға 1414 нөмірінен автоматты түрде хабарлама келеді;
- АӘК алушы өзінің IBAN шотын көрсете отырып, сол хабарламаға жауап ретінде өзінің келісімін жібереді;
- жауапты алғаннан кейін eGov.kz «электрондық үкімет» порталы жәрдемақы тағайындау үшін алушы туралы мәліметтерді ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жібереді.
Хабарламаларды мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркелген азаматтар ғана алатынын атап өту маңызды.
«Азаматтарға енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ, тіпті онлайн режимінде eGov.kz арқылы өтініш берудің керегі болмайды. Invisible Government тұжырымдамасы шеңберінде біз азаматтардың мемлекеттік органдармен байланысу қажеттілігін барынша азайтамыз. Сонымен, 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап 57 мың адам мемлекеттен жәрдемақы алу үшін 1414 нөмірінен SMS-хабарлама алды», — деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин.
Қызмет көрсету мерзімі:
15 жұмыс күні, сұрау салу берілген күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Қызмет көрсету нәтижесі:
- 1414 нөмірінен орындау мәртебесі бар ұялы телефон нөміріне SMS-хабарлама (оң немесе теріс). Проактивті қызмет көрсету нәтижесімен eGov.kz порталындағы Жеке кабинетте танысуға болады немесе eGov Mobile қосымшасында Хабарландырулар бөлімінен көруге болады.
Сондай-ақ, АӘК алуға өтінімді eGov.kz порталы арқылы және eGov Mobile мбильді қосымшасы арқылы беруге болады.
Проактивті қызмет көрсету Smart Data Ukimet жобасының «Отбасының цифрлық картасының» арқасында мүмкін болды, бұл 30 параметр бойынша деректерді талдау негізінде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін қажетті мемлекеттік қолдау шараларын анықтауға мүмкіндік береді.
Жыл сайынғы «Digital Almaty 2023» V Халықаралық цифрлық форумында Оңтүстік Кореяның электрондық үкіметінің операторы, Ұлттық Ақпарат қоғамының (NIA) Президенті, ірі деректер саласындағы халықаралық сарапшы Хван Чон Сон жоғары баға берді. Ол жоба жетістіктеріне таңданып, Smart Data Ukimet — әлемдегі деректермен жұмыс бойынша ең үздік мемлекеттік сервистердің бірі екендігін атап өтті.
Жаңа қызмет ҚР ЦДИАӨМ Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асты.
Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін ұлғайту туралы" үкімет қаулысының жобасын дайындады. Құжатқа сәйкес, республикада еңбекке жарамсыз болып қалу және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға артпақ.
"2023 жылғы 1 шілдеге дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтік төлемдердiң мөлшерiн 2023 жылғы 1 шілдеден бастап алатын әлеуметтік төлемдердің мөлшерінен 14,5 пайызға арттыру жүргізілсін", - делінген құжат жобасында.
Қаулы жобасы 14 сәуірге дейін "Ашық НҚА" сайтында қоғамдық талқылаудан өтеді.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен олардың күтушілеріне берілетін жәрдемақыны 14,5 пайызға арттыруды тапсырған болатын.