Жастарға арналған контентті 20/80 қағидатымен іске асыру ұсынылды
Сенатор Бибігүл Жексенбай Паретто заңдылығын қолдану арқылы жастарымызға тиімді контент ұсынуға болатынын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
-Қазіргі таңда ең көп таралған контент – әзіл. Қай әлжеліге кірсеңіз де, ойын-сауықты көп кездестіреміз. Алайда елімізге келешекте сақиқалы, жоғары кәсіби тұлғаларды тәрбиелеуіміз керек емес пе?
- Бұл мені мазалайтын мәселенің бірі десем болады. Өйткені мен де бала өсіріп отырмы. Ата-ана ретінде олардың болашағы қатты алаңдатады. Келешекте ата-ата мен баланың қарым-қатынасы қалай болады, оның отансүйгіштігі мен білім деңгейі қандай болмақ деген сұрақ туындайды. Сондықтан осы бағытта «не істей аламыз?» деген сұрақ әрбір азаматтың көкейінде жүреді деп білемін. Бұл дүниежүзінде жүріп жатқан тренд деуге болады. Әрине, интернеті шектеулі мемлекеттерде мұндай болмауы мүмкін. Ал біз интернетті еркіне жібергендіктен жылдам ақпарат алуға құмартқан аудитория қалыптастырдық. Қазіргі балалардың зейінін ұстау өте қиын. Оларға бәрі қызықты болуы керек. Жалпы, тоқсаныншы жылдарда өмірге келген балалар мен 2000-ның басында туған балалардың айырмашылығы жер мен көктей. Қазір бәрі тез таралып жатқан ақпараттың тек ең тиімді тұсын, сөлін алғысы келеді. Тіпті технологиялық үрдіс олардың қажет контентті дереу алып, көп күтіп, уақыт жоғалтпауға дағдыландырды.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ақпараттық кеңістікке дамыту туралы жарлыққа қойды. Оның маңызына тоқталсаңыз?
Қазіргі кезең ақпараттық дәуір болғандықтан, ақпаратсыз өмір ауасыз кеңістік болатындай деңгейге жетті. Алайда, оның пайда , зияны бірдей болып тұр. Жасыратыны жоқ, түрлі жағымсыз жаңалықтар мен жалған ақпар әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Сорақысы, оны тіпті кейбір БАҚ көшіріп беретін кездері де болады. Оқырман, көрермен, тыңдарман өтірік-шыны араласқан ақпараттар тасқынынан адасатын кез аз емес. Ал оның алдын алу үшін қоғамның сондай сын-қатерлерге қарсы иммунитеті болуы шарт. Мемлекет басшысы бірнеше мәрте екпін түсіре айтқан тағы бір маңызды мәселе, «мемлекет-қоғам-азамат» өзара қатынастар жүйесінде коммуникацияның төмендігі, халықтың ақпараттық сауатсыздығы байқалды. Сондықтан «Ақпараттық доктрина» өзіне бірқатар міндеттерді жүктейді. Доктринаны іске асыру аясында қабылданып жатқан шаралар кешенді тұрғыда отандық ақпараттық өнімнің, оның ішінде сапалы халқымыздың танымы мен білімін жетілдіруге және тұтас саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ақпараттық өрістің негізгі саяси-идеологиялық бағыттарында ұлттық құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз етуге, сыртқы ақпараттық ықпалды тежеудің тиімді тетіктерін тұжырымдауға, халықаралық деңгейде сапалы ақпараттық қатысуды арттыруға, саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге ықпал етуі тиіс.
Доктринада мәлімделген ақпараттық саладағы жаңа талап-міндеттер мен іс-шаралар ойдағыдай іске асуы елдің медиасаласын жаңа сапалық, бәсекеге қабілетті даму деңгейіне шығарады. Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін қамтамасыз етеді. Қоғамдағы жаңа құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік ашады.
Қазіргі жасөспірімдер ойын-сауыққа құмартып бара жатыр. Бұл еңбектенуден қашатын жағдайға жеткізіп отыр. Технологияның дамуы – кітап оқып, оны зерделеп, талдау жасау мәдениетін жойды. Ең керек жерін ала салу үрдіске айналды.
- Бұл мәселенің қалай алдын аламыз? Ұсынысыңыз бар ма?
- Жастар бұған қызықпайды екен деп бейжай қарауға болмайды. Біз білімді оларға қызықты, олардың өз "тілінде" жеткізуге міндеттіміз. Пареттоның заңдылығын бүкіл салаға қолдануымыз қажет. Яғни бізге 20 пайыз сапалы әрі танымдық контент шығаратын медиа болса, ал 80 пайызын ойын-сауықты басып кетеді деп ойлаймын. Біз жастарды басқаратындай 20 пайыз контентті қамтамасыз етуіміз керек. Әрине, 100 пайыз интеллектуалдық, сараптамалық және танымдық бағдарламаларды ұсыну мүмкін еместігін түсуініміз керек. Екінші мәселе, 20 пайыздың болуы үшін мемлекет тарапынан жастарға арналған жоба жасап жатқан азаматтарға көптеп қаражат аударылуға тиіс. Олардың контенті ойын-сауық контентінен кем түспеуі керек. Оның жаңа тетіктері қаралып, графикалық және дизайн жағынан озық үлгіде болған жөн. Бастысы, сапасы екі есе жақсы болса...
- Соңғы кезде ұлтжандымын десек, ұлтымды жақсы көремін деп айтсақ, «нацист», «шовинист» дейтін айыптарға тағылып қаламыз. Бұған не дейсіз?
- 70 жыл бойы қалалық жерде орыстілді ұрпақ қалыптасты. Ал қазіргі таңда көбі Еуропа мен Америкаға еліктейді. Сонымен бірге дін жолында жүрген азаматтар арабтарға еліктегіш. Біз ұлт ретінде дамуымыз керек болса, ең алдымен этникалық ұлттық дүниелерімізді күшейтуіміз керек. Мысалы, мен Норвегия елінде тұрдым. Онда бар-жоғы 5 млн-ға жуық халық тұрады. Оның тек 3 млн-ны норвег ұлты, ал қалғаны мигранттар мен өзге ұлттар. Бірақ ол елге сырттан келген үндіс неү африкалық болсын, заң – бәріне ортақ.Елдің конституция күні бәрі норвег ұлттық киімі мен жалауын көтеріп тойлап, салтанатты шеруге шығады. Балаларынан «Мен норвегпін, бұл әлемдегі ең мықты ұлт» деген сөзді жиі естідім. Патриоттық сезімді санаға бала бақшадан сіңіреді. АҚШ ты алып қарасақ та, бүкіл кинолары әлемдегі ең мықты америкалықтар екенін дәріптейді. Бүкіл әлемді, тіпті планетамызды жаудан қорғап жататын мықтылар - америкалықтар етіп көрсетіледі. Адам арманын орындайтын (американская мечта) бірден бір мемлекет АҚШ дегенді жылдар, тіпті ғасыр бойы дәріптеп келеді. Шынын айтқанда, біздің Қазақ мемлекеті де мықты. Біз соңғы уақытта ол сөзді айтуға ұяламыз немесе артық көреміз. Неге екені белгісіз, өз-өзімізді мақтай алмаймыз. Иә, бізде жасанды намыс бар, алайда ұлттық идеологияға келген кезде намыссыздық бар. Тек өзіміздің жамандығымызды жария етіп келеміз. Ежелден қазақ жаманды жасырып, жақсысын асырған едік. Бұл да бір тәрбиенің бір түрі еді. Ұрпақты тәрбиелейік десек, келер ұрпаққа «қазақ ұлты мықты», «қазақтың салт-дәстүрі керемет» деп те тәрбиелеуміз керек.
Біздің демократиялық үрдістеріміз де оқ бойы озық деп айтуға болады. Біз армандаған АҚШ пен Еуропада заң мұқият қаралып, халқы заңды қатаң орындап, тәртіппен жүреді. Бізде соңғы 3-4 жылда елімізде пікір алуандығы қалыптасты. Әрине, түрлі салаларда жемқорлық бар, бұл еліміздің дамуына кері әсер етуші күш. Бірақ біз Қазақстанды жамандап кімнен не ұтамыз? Өз басым келер ұрпақтың «Қазақстан нашар мемлекет екен» деп ойлағанын, мықты мамандардың шетелге кеткенін қаламаймын. Бұл мәселемен іштей күресіп, шешуміз қажет.
- Сіз үшін адам бойындағы басты рухани құндылық не?
- Менің ойымша, адамның ең басты құндылығы – ішкі мәдениеті. Мәдениетті адам –қандай дінді ұстанса да, Жаратушымен байланысын біреуге таңып, жария етпейді. Мәдениетке ұмтылған адам білімге ұмтылады. Мәдениеті қалыптасқан адам – біреудің нанына ортақтаспайды. Әлі де кеш емес. Ұлт ретінде өзіміздің ішкі мәселемізді шешіп алуымыз керек. Ол үшін мәдениетті адамның мінезін ұлттық идеологиямызды тиімді пайдаланып, азаматтарымызға дәріптеуіміз керек.
- Келешекте орыс тілінің орнын ағылшын тілі алмастыра ма? Осы тұрғыда ойыңыз қандай?
- Ағылшын тілі біз қаласақ та, қаламасақ та бүкіл әлем сөйлейтін тіл болады. Жалпы, әлем бір тілде сөйлеуі мүмкін. Өйткені ағылшын тілі жоғары жаңа технологияны меңгерген тіл. Егер ол технологияға ілескіміз келсе, біз де ағылшынды үйренуге мәжбүрміз. Орыс тілі – кеңес кезеңінде және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қажет болды. Өйткені ол кезде өз елімізде де орыс ұлтының саны көп болды. Қазіргі таңда қазақтардың саны көп. Оның үстіне Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты елімізде орыс тілінде сөйлескісі келмейтіндер, соның ішінде өзге этника өкілдері де көбейді. Сондықтан Тіл туралы заңды өзгертетін кез келеді деп ойлаймын.
- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!