Қала әкімдігі тендерсіз 5 млн теңгеге орындықтар сатып алған
Орал қаласының әкімдігі 333 мың теңгеден 15 ағаш орындықтар сатып алған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сатып алу рәсімі мемлекеттік сатып алу конкурсынсыз өткен. Қала билігі кәсіпкерге 5 миллион теңге төлеп, 15 орындық алған. Қоғам белсенділері орындықтарды осынша бағаға алғанына наразылық танытты. Олардың айтуынша, сапа мен баға сай келмейді.
"333 мың теңге орындық – қымбат. Мұндай орындықтың құны небәрі 150 мың теңге, бұл – 30% пайдамен есептегендегі баға. Әрі жаңа орындықтар ыңғайсыз және сапасы көңіл көншітпейді. Менің ойымша, кәсіпкердің қалалық немесе облыстық әкімдікте достары бар", – деді өңірлік қоғамдық кеңестің мүшесін Бауыржан Ахметжан.
ТКШ бөлімінде орындықтарды мүмкіндігінше тезірек сатып алу керек болғандықтан, лезде алғандарын айтады. Өйткені бұрынғылары ескіріп, тұрғындарға ыңғайсыздық тудырды. Өнім патенттелгендіктен, тендер өткізілмеген.
"Орындықтар берген компания осы дизайн бойынша авторлық құқыққа ие. Қалаға сән беру үшін осындай орындықтар қойылады деп шешім қабылданды және оларды қысқа мерзімде қаланың орталық аллеяларына орнаттық", – деді қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Азамат Халелов.
ТКШ бөлімінде айтылғандай, бастапқыда орындықтар одан да қымбат болған. Саудаласып, бағаны төмендетуге тура келді. Бірақ қоғам белсенділері өнімнің құны өте жоғары екенін айтты. Олар тиісті шағымды қала әкіміне жолдады.