"ҚазМұнайГазға" қарасты компания шет елден алған қарызын сыйақыға жұмсаған
266
Сенатор Нұрлан Бекенов мемлекетік сыртқы қарыз мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады. Ол мемлекет ішкі және сыртқы қарыздарын ретке келтірмесе жағдай қиындай түсетінін айтты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Қаржы министрлігінің 2022 жылғы 1 қаңтардағы мәліметіне сәйкес, мемлекеттік қарыз 22 триллион теңгеге жеткен. Үкімет пен квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 37 миллиард доллар болған. Бұл — Ұлттық қордың 67 пайызы.
Меніңше, Ұлттық қорды сыртқы қарызды жабатын ақша ретінде қарамау керек. Мәселен, қазір Үкіметтің шет елден алған 52 қарызы бар. Яғни біз 12,2 миллиард долларды қайтаруымыз қажет,— деді депутат.
Сенатордың айтуынша, біздің мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар халықаралық ұйымдардан қарыз алады да, кейін жұмысын соңына дейін жеткізбейді. Депутат осыған қатысты келеңсіз жайттардың басын ашты.
Мысалы, 2017 жылы "ҚазМұнайГазға" қарасты компания сырттан 300 миллион доллар қарыз алады. Сөйтіп, оны басшылыққа сыйақы ретінде таратып береді. Бұл халықаралық ұйымдардан алынған ақшаның тиімсіз пайдалудың бір мысалы ғана,— дейді Нұрлан Бекенов.
Депутат осы бағыттағы жұмыстарды қатаң түрде бақылауға алу керек екенін айтып, ұсыныстарын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.