"Өлімді мемлекеттік тіркеу - 8800 теңге" - үкімет қайғыдан қан жұтқан адамның қалтасын қақпақ
АХАТ мамандары азаматтық хал актілерін (адамның тууын, өлімін, некелесуін, ажырасуын т.б) мемлекеттік тіркеуді ақылы ету мәселесіне қарсы шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
АХАТ қызметкерлері 24 сәуірге дейін қоғамдық талқыға шығарылған азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласындағы жекелеген жұмыстардың ақылы болатыны туралы бұйрықтың жобасына назар аудартады.
"Баланың тууын мемлекеттік тіркеуде бір құжат өткізуге төленетін ақша - 8 433,89 теңге (ҚҚС-ны қоса алғанда) деп белгіленген. Осы тұрғыда, мысалы, егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, төленетін сома сонша есе көбейеді, егіздерге туу туралы куәлік алу - 16867,78 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта баланың тууын, шетінеген баланың тууы мен қайтыс болғанын, азаматтардың азаматтық хал актілерін тіркеу қызметінің ақысы алынбайды, яғни тегін. Жобадағы ең сорақысы - өлімді мемлекеттік тіркеу үшін 8 833,58 теңге төлем жасау керегі көрсетілген. Қайтыс болған адамның онсызда қайғыдан қан жұтып келген туыстарына төлем жасату ауыр деп есептейміз", - деді олар.
АХАТ қызметкерлері аталған құжат қабылданса, қайтыс болған баланы және өмірдің бірінші аптасында қайтыс болған баланы мемлекеттік тіркеу үшін де 8 252,42 т төлем жасалуы мүмкін екенін айтады.
"Бауыр еті баласынан, дүние есігін енді ғана ашып, бір ғана дем алған сәбиінен айырылып отырған ата-анаға - 16504,84 төлем жасату өте қиын болайын деп тұр. Қазіргі таңда халыққа қымбатшылық кесірінен ас-ауқатқа ақша табу оңай емес. Бұл онсыз да қиналып жүрген адамдардың қалтасына салмақ салады", - делінген хатта.
Бұған қатысты осы бұйрықты қоғамдық талғыға шығарған Цифрлық даму министрлігіне қарасты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы пікір білдірді. Мемлекеттік корпорация жоғарыда аталған бұйрық бекітілсе, АХАТ қызметтері бойынша мемлекеттік баж төлемге ауыстырылатынын хабарлады. Сонымен қатар корпорацияның баспасөз қызметі шотқа түскен ақша қайда, қалай жұмсалатынын түсіндірді.
"Бұл жағдайда мемлекеттік корпорацияның шотына келіп түскен төлемдер есебінен АХАТ бөлімдері қамтамасыз етіліп, қажетті жағдай жасалуына және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге жұмсалады", - делінген хабарламада.
Корпорация заңнаманы бекіту мақсатында бірнеше кодекске түзету енгізілгенін атап өткен.
"Бүгінгі таңда АХАТ бөлімдері Салық кодексінің 612 және 618 баптарына сәйкес мемлекеттік баж мөлшерлемелерін басшылыққа ала отырып тіркеуде. АХАТ қызметтері үшін төлем бағасын есептеу жобасы құзырлы уәкілетті органға қарау және бекітуге жіберілді", - дейді корпорацияның баспасөз қызметі.