Биыл Қызылорда облысында электр желілері жаңартылмақ
Биыл Қызылорда облысында электр желілерін дамыту, қайта құру және жаңғырту жұмыстары жоспарлануда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыста 10 121 шақырым электр желісі, 1 867 қосалқы станция бар. Жылма-жыл бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді.
«Биыл «Қызылорда қаласында электр желілерін дамыту, қайта құру және жаңғырту» қаржылық-экономикалық негіздемесімен бағдарлама дайындалды. Осының нәтижесінде құны 3,1 млрд теңге жоба қолға алынады. Ол екі кезең бойынша жүзеге асады. Қазір облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Оған қажетті жабдықтар сатып алынды. Оны қыркүйек айының соңына дейін бітіру жоспарланған», – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Мұстафаев.
Бөлінген қаржы бойынша 35 10/0,4 кВ қосалқы станциялары ауыстырылып, 27 трансформаторға күрделі жөндеу жүргізіледі. Қосымша ауыстыруды қажет ететін 31 шақырымнан астам электр желісі бар.
Облыс бойынша аудан және ауылдардағы жоғарғы кернеудегі желілердің тозуына байланысты 10 жоба жасалуы тиіс. Қазір бұл бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасына өтінім берілген.
Сонымен қатар Сырдария өзенінің сол жағалауын электрмен жабдықтау бойынша екі кезеңнен тұратын жоба әзірленіп жатыр.
Ал былтыр «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысына 294 млн теңге бөлінген.
«Бұдан бөлек, былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша 345 млн теңге қаралып, 33 шақырымнан астам электр желісі ауыстырылды. Электр энергиясын автоматты есепке алу аспаптарына қосу, №9 орталық электр тарату қондырғысындағы 10 кВ-тық бірінші секция ұяшықтары жаңартылды. Компания облыстық бюджет арқылы 548 млн теңгеден астам қаржыға қаладағы «Силикатная», «Комсомол» қосалқы станцияларында 35/10 кВ үш трансформаторды жаңасына ауыстырды. Сондай-ақ, 4 вакумды ажыратқыш сатып алынған еді. Қазір «Промышленная» қосалқы станциясына осы ажыратқыштар орнатылуда», - дейді «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Нұрбай Ізтілеуов.
Ал биыл компаниядан облыс бойынша күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 311 млн теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарлама шеңберінде Қызылорда қаласындағы электр желілерін жаңартуға 371 млн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Қызылордада қуаты 240 мегаваттық электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу энергиясын беретін заманауи жылу электр орталығы салынады.
Қазіргі таңда жаңа нысанның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қондырғы өндіруші мекемелермен келісім жасалып жатыр.
Былтыр ҚР Энергетика министрлігімен өткізілген аукцион нәтижесінде «Акса Энерджи» түрік компаниясымен жаңа заманауи жылу электр орталығын салуға келісім жасалды.
Қазір аталған нысанға жылу электр орталығының аймағынан 3,5 гектар жер берілді.
Тың жоба еліміздің Энергетика министрлігінің әрдайым бақылауында болады.
Жалпы бұл инвестор қаржысына салынатын республикамыздағы алғашқы жылу электр орталығы болмақ.
Үш жыл көлемінде жаңа нысанның құрылысы салынып, 2025 жылы халық игілігіне табысталады.