Алаяқтардың кесірінен банкке қарыз болып қалғандардың несиесі кешірілмек

323

Алаяқтың арбауына түсіп, банкке қарыз болып қалған азаматтардың несиесі кешірілуі мүмкін, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бірақ мұндай жағдайда банктің кінәлі екені сот арқылы дәлелденуі тиіс. Яғни олардың қауіпсіздік жүйесі осал болып, алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге немесе клиент шотынан ақша шешілгені дәлелденуі керек.


“Егер банктің ақпараттық қауіпсіздігі немесе ақпараттық жүйесі салымшының шотынан қаражат алуға мүмкіндік берсе, яғни бұл салымшының кінәсі емес. Демек бұл жерде банк залалды өтеуі қажет. Осы мәселені заңнамалық деңгейде қарастырамыз. Агенттік бұл алгоритмді мемлекеттік органдармен бірге әзірлейді. Онда алаяқтық операциялардың барлық схемасы, ақпараттық қауіпсіздікке және банктердің мобильді қосымшаларына қойылатын талаптар жазылады”, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.


Осындай жағдайға тап болған азамат полицияға арыздануы керек. Құқық қорғау органдары тергеу басталды деген құжатты бергеннен кейін, банк міндетті түрде ол несие бойынша сыйақы, айыппұл есептеуді тоқтатады. Несиені расымен бөтен біреудің рәсімдегенін дәлелдеу де оңай болмайтын сияқты. Өйткені, қазір Қаржы нарығын реттеу агенттігі алаяқтардың қандай механизмдермен жұмыс істейтінін жіпке тізуде. Егер салымшы банктің осалдығынан жинаған ақшасынан айырылса, қаржы ұйымы оны да қайтаруға міндеттеледі. Несиені де енді кез келген адам оңай ала алмайды. Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұл мәселе бойынша да жұмыс істеп жатыр. 


“Бірқатар кредит алушылар саны неге өсті? Олар бір проблемалық кредиті бар банкіде, мысалы, оны жабу үшін жаңа кредит алады микроқаржылық ұйымға барады да, жаңа кредит алады, соны жабу үшін. Сол себептен проблемалық кредит туындаса жаңа кредит беруге тыйым салуға өзгеріс енгіздік. Сонымен оның борыш жүктемесі өспейді”, – деді Мәдина Әбілқасымова.