Қызылордада жедел жәрдем бір тәулікте 1300-ден аса шақырту қабылдайды
28 сәуір – жедел-жәрдем қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай жедел жәрдем қызметінің бір күнімен танысуды жөн көрдік. Осылайша облыстық денсаулық сақтау басқармасы БАҚ өкілдері арасында баспасөз турын ұйымдастырды,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Бүгінде облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы күніне 1300-ден аса шақырту қабылдайды. Ал мереке қарсаңы мен демалыс күндері бұл көрсеткіш тіпті көбейеді. Қашанда ауырып, жаны қысылған жанның қасынан бірінші табылатын жедел жәрдемнің ақ халатты абзал жандар қандай құрметке де лайық. Мұны осы баспасөз турында журналистер қауымы көзбен көріп, жүрекпен сезінді.
Денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда қасымыздан табылып, көмек қолын созатын ақ халаттылар қауымын басылым беттерінде әрдайым дәріптеп келеміз. Дегенмен сол мамандардың қасында жүріп, жұмыс барысын бірге көру мүлдем басқа дүние. Ең алдымен кезекші-диспетчерлік бөлімге бардық. Мұнда қызу жұмыс жүріп жатыр. Барлық қызметкер бос емес. Соған қарағанда, таңмен таласып жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер қатары көп екенін аңғарасың.
Біз барғанда диспетчер қызметінде жұмыс істейтін Мирамбек Асанов отырды. Оның жұмысы – негізгі бекеттен түскен шақыртуды қабылдап, жақын маңдағы бригаданы науқастың мекен жайына бағыттау. Облыс бойынша барлық қоңырау негізгі бекетте қабылданады. Ол жердегі мамандар дереу автоматтандырылған «КӨМЕК» жүйесі арқылы қосалқы бекеттерге хабар береді. Қарап отырсаңыз, мұндағы телефонға тыныштық жоқ. Шақырту қабылдаған дәрігерлер, межеге жеткенше асығатын көлік жүргізушілері, дәрі-дәрмек қобдишасын жанынан бір елі тастамайтын фельдшерлер зыр жүгіріп жүр. Осыған қарап, бұл жердегі қайнаған жұмыстың жауапкершілігі мен маңызын ұғынасың. Себебі мұнда адам өмірі мен тағдыры тікелей шешіледі.
Бекеттегі бригаданың барлығы шақыртуға кетіпті. Оларды күтуге тура келді. Қазіргі кезде мұнда жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз еңбек етіп, тығырықтан шығар жол іздеп, қауіпті дерттің алдын алуға атсалысып жүрген 950-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Оның 78-і дәрігер, ал 500-ден астамы орта буын қызметкерлері.
«Бүгінде жедел жәрдем 4 санат бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішінде коронавирус алғашқы шұғыл санатта. Сондықтан мамандар діттеген жерге 10-15 минутта тез жетуі керек. Атап айтсақ, бірінші санатқа науқастың өміріне тікелей қауіп төнетін шұғыл медициналық көмек қажет жағдайда он минутта жету керек. Мәселен, жол көлік оқиғасы, төтенше жағдай орын алғанда, адам ес-түссіз қалған жағдайлар жатады. Ал екінші санат бойынша науқастың өміріне қатер төнуі ықтимал, алайда тығырықтан медициналық көмексіз шығуға мүмкіндік болса, жүкті келіншектер мен жүрек қысылатын, қан қысымен, дене қызуы көтерілгендерге он бес минутта барады. Үшінші санатқа жататын науқастың денсаулығына қатер төнуі мүмкін, бірақ жағдайды медициналық көмексіз реттеуге болады. Құсып, іші өтіп жатқан 3 жасқа дейінгі балалар мен жүктіліктің соңғы кезеңіндегі әйелдерге көмек көрсетіледі. Оларға жедел жәрдем қызметі 30 минут ішінде келуі керек. Сонымен бірге төртінші санатқа науқастың денсаулығына және өміріне тікелей қауіп төнбейтін жағдай кіреді. Оған бір сағат уақыт беріліп, емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелеріне жүгіне алады. Мұндай бөлімшелер шақыртуды жұмыс күндері тәулік бойы қабылдайды», – деді облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігердің медицина ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Нұрсейтова.
Елімізде 2016 жылы Қызылорда мен Павлодар облыстарында жедел жәрдем қызметі бойынша пилоттық жоба енгізілген. Осылайша бұл сала облыстық мәртебеге ие болып отыр. Аталған жобаның негізгі мақсаты – облыс аумағында тұратын халыққа және «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойындағы жолаушыларға дер кезінде жедел көмек көрсетуді жақсарту. Бүгінде аймақтың кез келген нүктесінде тұрып 103-ке телефон соға аласыз. Қоңырау бірден Сall орталығына келіп түседі. Сондай-ақ қазір 103 бірыңғай оперативті бөлімі мен 112 бырыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі халыққа бірге қызмет көрсетеді. Айта кету керек, станса құрылымына 4 қалалық, 9 аудандық бөлімше, оперативті және медициналық авиация бөлімі кіреді.
Қазіргі кезде халықтың медицинаға, дәрігерлерге деген талабы өте жоғары. Көбі «Бірінші байлық – денаулық» екенін ұғынды. Өйткені адам үшін ең қымбаты – басының амандығы мен денінің саулығы екенін кешегі коронавирустың кезі дәлелдеді. Сондықтан болар, қазір адамдар денсаулығы сыр берсе болды дәрігер көмегіне жүгінеді.
Дабылы қосылған жедел жәрдем көлігі жаныңнан желдей ұшқанда, «Аман болса екен» деген сөз еріксіз ойға келеді. Тіпті ағайын-туысты түгендеп, кәдімгідей алаңдап қаласың. Бізге өз қызметіміз ұнайды. Десе де, ақ халат киіп, дәрігер болу мектептегі баланың арманы ғой. Бір кездері бізде медицина қызметкері болуды қиялдадық. Бүгін, міне, араға қанша уақыт салып, ақ халат киіп, балалық арман орындалып, өзімізді дәрігер сезінудеміз.
Шақырту күтіп отырғанымызда қала тұрғыны Сайділда Оспановтың демікпе ауруы асқынып, жағдайы нашарлауына байланысты жедел-жәрдем шақырды. Сөйтіп, біздің бір күндік бірлесіп атқаруды көздеген кезекшілігіміз басталып кетті. Қалам-дәптерімізді қолымызға алып, дәрігердің соңынан ердік. Бұл жолы көмек қан қысымы көтеріліп, демікпесі асқынған 60 жастан асқан ер кісіге керек. Діттеген жерге 8 минутта жеттік. Жедел жәрдем қызметкерлері науқастың қан қысымын өлшеп, қант мөлшерін анықтап, тамырына дәрі екті. Науқастың аталған дертпен ауырғанына біраз жылдың көлемі болған. Ол кісіге сол уақытта қан қысымын қалыпқа келтіретін екпе салды. Баста жаны қысылып, мазасызданып, дәрігер көмегіне жүгініп отырған кісіні көзбен көргесін оны сөзге тартып, жағдайын сұрауға ынғайсыздандық. Алдымен өзіміздің қай жақтан келіп тұрғанымызды айтып, таныстырдық. Осылайша жедел жәрдем қызметіне қандай баға беретінін сұрадық. Ол кісі әрдайым уақытылы келіп, көмек көрсететінін ақ халаттыларға алғыстан басқа айтары жоқ екенін жеткізді.
Мұндағы жұмыстың қарбаластығы сонша, бригада қызметкерлерінің түскі ас ішуге де уақыты жоқ. Соған қарамастан тұрғындардан түсетін шағым да жетерлік. Оған себеп көп. Оның ішінде аймақтағы атауы жоқ көшелер мен реттік нөмірі дұрыс емес үйлерді іздеумен уақыт өтіп кешігіп барады. Осы мәселе қиындық тудыруда. Алайда қазір жедел жәрдем көлігінің барлығына автоматтандырылған «КӨМЕК» жүйесі қондырылған. Оның тиімділігі соншалық, көліктер бекетке қайта келіп әуре болмайды. Бағыттаушы диспетчер көліктің қай жерде жүргенін компьютер арқылы анықтап, сол бойынша келесі шақыртуға жібереді. Осылайша уақыт үнемдейді әрі артық шығын болмайды. Мамандардың айтуынша, шақыртудың басым көпшілігі қан қысымына қатысты. Сондай-ақ облыс көлемінде жол көлік оқиғасының көп орын алып жатқанын да баса айтты. Тіпті бір күнде бірнеше қайта шақыртулар да көп кездеседі екен.
Мәселен біз бағамдаған бір тәулікте 1299 қоңырау түсті. Түскен қоңырауларды – 7 қабылдаушы диспетчер қабылдап, 2 аға дәрігер, 3 бағыттаушы диспетчер, 13 бөлімше диспетчерлері санаттылығы бойынша жедел жәрдем топтарына шақырысты орындауға берді. Бірінші, екінші, үшінші санатты шақыртуды орындау барысында 4 кардиологиялық, 4 педиатриялық, 10 желілік дәрігерлік топ және 32 фельдшерлік топ жұмыс атқарды. Ал 4-ші санатты шақырыстарды орындау барысында емханалар құрамындағы 29 топ жұмыс істеді. Ауруханаға тасымалданған науқастар саны – 261. Олардың ішінде 63 науқас арнайы көмекке, 52 науқас жарақаттар пунктіне, 146 науқас ауруханаға жатқызылуға жеткізілді.
Бір сәт өзімізді жедел жәрдем қызметкері ретінде сезініп, олармен етене араласа келе ақ халатты абзал жандардың халыққа қызмет көрсетуі мен қиындықтарын, жұмыстарының өте ауыр екенін сезініп қайттық.