Мемлекет басшысы: «Этносаясатымыз біртұтас әрі дәйекті жүргізілуге тиіс»
біртұтас әрі дәйекті жүргізілуге тиіс,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Этносаясатымыз біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілуге тиіс. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Біздің этносаясатымыз біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ ғылыми тұжырымдарға негізделуі қажет. Осы саладағы тапсырмаларды орындау барысында менің сайлау алдындағы тұғырнамам және басқа да стратегиялық құжаттар басшылыққа алынуы керек. Мысалы, қазір әлеуметтік салада жүйелі өзгерістер жасалып жатыр. Мен жақында Әлеуметтік кодекске қол қойдым. Мұндай маңызды құжат ТМД мемлекеттері ішінде алғаш рет қолданысқа енгізіліп отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл кодекс еліміздің жаңа әлеуметтік саясатын айқындайтындығын, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың мүлде жаңа үлгісін қалыптастыратынын баса айтты.
«Сондай-ақ жаңа әлеуметтік келісімнің негізін қалайды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа кодекс бүгінгі күннің талаптарымен мейлінше үндеседі. Сол сияқты этносаясат та мемлекеттің басымдықтарына толық сай келуі керек», - деді Президент.
Әртүрлі этностардың қоғамда бірігіп өмір сүріп, біркелкі дамуы әрбір көпұлтты мемлекет, соның ішінде Қазақстан үшін күрделі мәселе болып табылады. Егеменді елімізде тұратын ұлттардың өткені мен бүгінін зерттеу, республикада болып жатқан үрдісті жіті қадағалау мемлекеттің ары қарай дамып қалыптасуы үшін қажет. Тарих ғылымының тамаша бір ерекшелігі - адамзаттың өткен жолдары мен жылдарында кездескен кезеңдерді, оқиғаларды оңды-солды бұрмаламай нақты деректермен дәлелдеп көрсетуі. Адамзат әртүрлі әлеуметтік топтардан тұрады. Этностар мен ұлттар күллі әлеуметтік топтардың ішіндегі ең маңыздысы болып табылады. Себебі, кез келген адам өзінің тағдырымен тарихи ұштасқан этностың құрамдас бөлігі. Адамды этностан айыруға болмайды. Осы қасиетінің арқасында этнос қауымдастығы адамдардардың әлеуметтік өмірінің ең сенімді нысаны болып табылады. Этностық қауымдастықтың қоғамдағы аталмыш сенімділігі мен шайқалмас тұрақтылығы сан қилы тарих беттерінде қатаң саясат пен біржақты идеология салдарына қарамастан бірнеше мәрте дәлелденді. Этностар әлеуметтік құрылысына, тілдік ерекшелігіне және т.б. белгілеріне байланысты әртүрлі болады. Бұл этностардың өздеріне ғана тән әрқилы құрамдас элементтерден құралатындығын, әлемдегі халықтардың типологиялық қатынастарға байланысты бір-біріне ұқсамайтындығын білдіреді. Осыған орай, мемлекет жүргізетін этносаясаттың негізін, оның мақсаттары мен міндеттерін, халық аңсайтын бейбіт өмір мен этносаралық тату қатынастардың мазмұны, жоғарыда аталған ұғымдардың алғашқы фундаменті болып табылатын «этнос», «ұлт» және осылардан туындайтын т.б. ұғымдар мен терминдердің түп-төркіні зерттеліп, теориялық-әдіснамалық қыры заманауи талаптарға сай жан-жақты талданады.[1] Қоныс аудару үрдісін зерттеу, оның зардаптары, туған жерлеріне қайта оралу, орналасу және ортаға бейімделуін жөнге салу, ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелердің бірі екені сөзсіз. Қазақстанның полиэтникалық қоғамға айналу процесі ұзақ тарихи кезеңдерді қамтиды. Қазақстан тарихында ол кезеңдер үшке бөлінеді. Бірінші кезең Қазақстанның Ресей империясы құрамына кіруімен байланысты. Нәтижесінде қазақтардың көшпенділіктен отырықшылыққа ауысуы арқылы өмір сүру стилі, құндылықты нормативтік жүйесі өзгереді. Осы кезеңде өмірлік маңызы бар құндылықтардың бастамашылары қазақ интеллигенциясы пайда болады. Осы кезеңде Қазақстанның солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс өңірлерін отарлаудың әскери-әкімшілік билігінің нәтижесінде славяндықтардың ареалы пайда болды. Олардың көшін казактар бастап келді. Жайық казак әскерінің құрамында славяндардан басқа башқұрт, түркімен, татар, қалмық, қарақалпақтар да болды. Екінші кезең Қазақстанның КСРО құрамына енуімен байланысты. Осы кезеңде Қазақстанның саяси, құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми салаларында жаңа бетбұрыстағы алғышарттар құрылып, жаңа интеллектуалдық мүмкіншіліктер пайда болады, нәтижесінде Қазақстан мемлекеттілікке қол жеткізеді. Екінші кезеңде Қазақстанның полиэтникалық құрамы жылдам қалыптасты. Оның негізі ретінде КСРО Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің 1924 жылғы 17 қазандағы «Отарлау мен көшірудің кезек күттірмес міндеттері туралы» қаулысын айтуға болады. Бұл құжаттың отарлаушылық маңызы КСРО аумағынан Қазақстанға адамдарды көшіріп орналастыру арқылы өңделмеген жерлерді шаруашылық айналымға енгізу еді. Бұл процесс екі бағытта жүзеге асырылды: бірі – халықты ерікті жолмен көшіру, екіншісі – күштеп көшіру. Шын мәнінде, ерікті деген болмады, екі акция да күштеп көшіру арқылы атқарылды. 1940 жылға дейінгі уақытта Қазақстанға 65 мың шаруа отбасы көшіп келді.[2] Оның ішінде Украинадан - 6478, Белоруссиядан - 2031, Воронеж облысынан - 1142, Курск облысынан - 1415, Рязанск облысынан - 574, Татарстаннан - 917, Чуваш республикасынан - 876, Мордовадан - 591, өзге де өңірлерден - 1068 отбасы көшіп келді.[3] Үшінші кезең Қазақстанның тәуелсіздік алуымен және халықаралық қауымдастықтың субъектісі болуымен байланысты. Бұл кезеңде әрбір этникалық топтың еркін дамуына қол жеткізілді, этникалық ерекшеліктерін қайта түлетуге мүмкіндік туды. Кезінде елден еріксіз кеткен қандастарымыз елге оралуда. Қазақтың біріктіруші рөлін арқау ете отырып, елдің тұтастығы мен этносаралық келісімді сақтауда барлық әлеуметтік-экономикалық шаралар қабылданып, халықтың табиғи өсімі алға басып, балалардың дүниеге келуі артуда. Қазіргі таңда Қазақстанда жүз отыз алты этнос өмір сүреді. 2009 жылғы халық санағының қорытындысына сәйкес Қазақстан халқының саны 16402861 адамды құраса, оның ішінде қазақтардың саны – 10989916 (67 %), өзге этникалық топтар мүшелері – 5412945 (33 %). Үшінші кезеңнің басты ерекшелігі Қазақстандағы аз ұлттардың саяси тағдыры мен олардың мәдени даму үрдісі мұрағат материалдары және ғылыми зерттеулер арқылы айқындалып, баға берілді. 1989 жылы 14 қарашада «Күштеп жер аударылған халықтарға қарсы қуғын сүргін актілерінің заңсыздығын мойындау және олардың құқықтарын қамтамасыз ету» жөнінде КСРО Жоғарғы кеңесінің Декларациясы, ал 1990 жылғы 11 желтоқсанда РКФСР халық депутаттарының съезі «РКФСР дағы саяси қуғын-сүргін құрбандары», 1991 ж. 26 сәуірде РКФСР Жоғарғы Кеңесі «Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтау» жөнінде заң қабылданды. Бұл заңдар қалған шектеуліктердің барлығын алып тастады. 1993 ж. 14 сәуірде қабылданған Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтау» жөніндегі қаулысының негізінде шешен-ингуштер саяси қуғын-сүргін құрбандары болып есептеліп, ақталынды. Саяси қуғын сүргінге ұшыраған ұлттар мен этностар сталиндік зобалаң нәтижесінде небір қиыншылықтардың басынан кешіріп, тек өздерінің жігерінің, қайсарлығының, еңбеккерлігінің арқасында ғана үлкен жеңістерге жетті. 1990 ж. бас кезінде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев республиканың барлық ұлттық мәдени қозғалыстарын бір ұйымға – Қазақстан Халқы Ассамблеясына біріктіру туралы ұсыныс жасап, 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халық Ассамблеясы құрылды. Қазақстан халқын бірлікке шақыратын қоғамдық институттың жемісті жұмыс істеуі үшін 2002 жылы 26 сәуірде Елбасы «Қазақстан Халқы Ассамблеясының стратегиясы мен ережесі туралы» жарлығын шығарды. Аталған құжатта Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының рөлін одан әрі көтеру мақсатындағы қаулысында Қазақстан халықтарының мақсат-міндеттері, мемлекеттік ұлттық саясатты қалыптастыру мен іске асыру жөніндегі Ассамблея қызметінің негізгі бағыттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ереже, Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясын іске асыру жөніндегі тиісті іс-шаралар қолданылуы сияқты мәселелерді көтерді. Одан кейінгі жылдарда да қабылданған Жарлықтарда ұлтаралық қатынастар саласындағы жұмыс басшылыққа алынып, Қазақстандағы ұлттық қарым-қатынасты дамытудағы жалпы азаматтық тенденцияларды күшейту іс шаралары қойылды.[4] Сонымен қатар, әрбір ұлттың ішкі қарым-қатынас мәдениеті оның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени ортасының даму деңгейімен, сондай-ақ, ұлттық сана-сезім, ұлттық таным деңгейімен айқындалады. Ұлттық сана-сезім мен психологияның ұлттық мінез, ұлттық сезімдер, ұлттық дәстүрлер, әдет ғұрыптар, ұлттық тұрмыс ерекшеліктері сияқты элементтері айрықша ұлттық мәнерлілік дарытады. Адамдар белгілі бір табиғи-климаттық жағдайларда, нақты табиғи-географиялық ортада тіршілік етеді, бұл да, сондай-ақ, олардың өзара қарым-қатынасына ықпалын тигізеді. Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті қоғамның, халықтың, тұлғаның рухани өмірінің белгілі бір құрылымдық компоненті болып табылады. Ол түрлі ұлт өкілдерінің рухани байланысы деңгейін сипаттайды, бұл ретте ол ұлтаралық қатынастар нәтижесі ретінде танылады.