Сыр өңірінде егін егу науқаны басталды

165

Сыр өңірінде егін егу науқаны басталды,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Бүгін Жалағаш ауданының Таң ауылында егін егу науқанының басталуына орай «Дала күні» семинар-кеңесі өтті. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарды пысықтап, семинар-кеңеске қатысты.

Алдымен аймақ басшысы «Таң» ЖШС ет өнімдері цехының жұмысымен танысты. Цехта күніне 5 ірі қара мал сойылып, ет өнімдері шығарылады.

Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Дала күні» семинар-кеңесі аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникаларының және өнімдерінің көрмесін тамашалады. Жабдықтаушы мекеме өкілдерімен пікір алмасты.

Облыс әкімі шараға жиналған қонақтармен бірге танапқа алғашқы дән себу рәсімін өткізді. Шаруашылық үздіктерін «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және облыстың ең жоғары наградасы – «Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен», облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Іс-шарада Қызылорда облысының Құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов бата берді.

Егіс алқабындағы «Дала күні» семинар-кеңесінің пленарлық мәжілісінде аймақ басшысы аграрлық саланы өркендетудің біздің өңір үшін өмірлік маңыздылығын атап өтті. Шаруалар қол жеткізген айтарлықтай жетістіктерге тоқталды.

«Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру үшін Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осы міндетті орындаудың бірден-бір жолы – жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемін арттыру. Биыл облыста 195,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 83,9 мың гектарға себіледі.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін 5 500 жергілікті тұрғынға қосымша 3 300 гектар жер дайындау жұмыстары жүргізілуде», – деді облыс әкімі.

Бүгінде «Шардара» су қоймасында 5,03 млрд. текше метр, «Көксарай» су реттегішінде 1,79 млрд. текше метр су бар. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың вегетациялық кезеңіне 3,8 млрд.текше метр су пайдалану лимиті белгіленген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 200 млн. текше метрге артық.

Душанбе қаласында өтетін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан елдері кіреді) кезекті отырысында су пайдалану маусымындағы Сырдария өзенінің сулылығы болжамына сәйкес Шардара су қоймасына түсетін көлем нақтыланады. Болжам нақтыланған соң су лимиттері қайта белгіленеді.

Биылғы қыс-көктем айларында Нарын-Сырдария каскадындағы қоймалардан төменгі ағысқа жіберілген мол судың арқасында каналдар мен көлдер жүйелері, шабындықтар суландырылды, Арал теңізінің суы 18,5 млрд. текше метрден 20,140 млрд. текше метрге көбейді.

Коммуналдық меншікке алынған 226 су шаруашылығы нысанын тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 78 шақырым болатын 7 каналды тазалау, (226,0 млн.теңге) елді мекендерге 21 дана насос қондырғысын жеткізіп беру (301,4 млн.теңге) және 27 каналға (111,7млн.теңге) жоба-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен бірге, шаруашылықаралық каналдардың 68,0%-ы, ішкі шаруашылықаралық каналдардың 79,0%-ы тазалаланды. Су құрылыстарының шаруашылықаралық каналдарының 48,0 %-на, ішкі шаруашылық каналдардың 70 %-на және насос қондырғылардың 83%-на, гидробекеттердің 88%-на жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай 16 магистралды және шаруашылық каналын цифрландыру жоспарланған. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы оның 5-не (2 магистралды, 3 шаруашылықаралық канал) жоба-сметалық құжаттама әзірлеп, мемсараптама қорытындысы алынды.

Суды тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімдігі мен Австралияның «Rubicon Global» компаниясы арасында аймақтың суландыру жүйелерін автоматтандыру, цифрландыру жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум республикалық меншіктегі Қызылорда солжаға магистральды каналы бойындағы (облыстағы 60% егіс келемі орналасқан) аумақтардың суландыру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Қазіргі таңда «Rubicon Global» компаниясы Қызылорда сол жаға магистральды (Шіркейлі) каналына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жобасын ұсынды.

Жиында жауапты мекеме басшылары мен шаруа қожалықтарының иелері қолға алынған жұмыстарды, өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы ауыл шаруашылығы экспортының үлесін арттыру, шаруашылықтарды қажетті жанар-жағармаймен қамту және егілген өнімді мұқият баптап, уақытылы жинап алу бойынша тапсырма берді.

Кірісті күріштен құраған диқан бізде Сыр мен Іле бойында ғана. Ал қазақ даласының негізгі байлығы - бидай. Былтыр естеріңізде болар, сол бидай қанасына сыймай өсті.

 

«Көктемнің бір күні жылға азық» деген нақыл бар теріскей жұртында. Өйткені, дәл қазір қамданған диқан күзде пайдаға кенеліп, қыстық қорын жиып алады. Дұрыс шықса, әрине.

 

Қазақстан жер асты байлықтарынан соң, екпінді  ауыл шаруашылығына салады. Оның ішінде мал шаруашылығының жөні бөлек, бірақ негізгі күш - егінде.

 

Ет пен сүт, жүн-тері жақсы десек те, экспорты мандымай отыр. Ал, бидай экспорты жолға қойылған. Мысалы, былтыр бес миллион тонна астық экспортталған.

 

Жақын отырған Қытай мен Ресей, Әзірбайжан мен Өзбекстан, Тәжікстанды былай қойғанда қазақтың астығы Иран мен Түркияға да, Гүржі еліне де экспортталып отыр.

 

Ендеше дәнді дақыл егіп, өңдеп, сатып пайдаға шықсақ несі жаман. Яғни, біздің биліктің ауыл шаруашылығына оның ішінде нақты көктемгі егіс пен күзгі жиын-терімге ыждаһатпен қарамасқа амалы жоқ.

 

Көктем көрінісі көңілді. Жер жыртқан жұрт, дән себілген алқаптар. Алтайдан Атырауға дейінгі атырап қыстың қамына қазірден кірісті. Республика бойынша диқандардың 100 пайызы егіс жұмыстарына дайын. Оңтүстік өңір дәнді-дақылдарды себу жұмысын толық аяқтаса, Солтүстік, Шығыс, Батыс облыстар мамырдың бірінші және екінші онкүндігінде кіріседі.

 

Жалпы, 2014 жылы 21,8 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның 15,9 миллион гектары дәнді дақыл. 12,8 миллион гектар бидай, 2,0 миллион гектар майлы дақыл, 3,4 миллион гектар мал азықтық дақыл және 410,0 мың гектар көкөніс-бақша дақылдары, картоп салынбақ.

 

Сағынтай Жұмажанов, ҚР АШМ департаментінің сарапшысы:

Жалпы, осы өсімдік шаруашылығы саласына берілетін субсидия көлемі биылғы жылы 70 миллиард теңге. Бұл - қомақты ақша, былтырғымен салыстырғанда 2 есеге таяу өсіп отыр. Бұдан басқа 3,5 миллиард теңге көктемгі, жазғы тұқымдық астықты сатып алуға.

 

Қазіргі шаруаның күйі жақсы. Бұрындағыдай жанар-жағармай тапшылығы, тұқымның азшылығы сияқты мәселелерді айта бермейді. Мемлекеттен бөлінетін субсидия көлемі де артты. Ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының дені бұл қолдауға разы. Есесіне өнім де жоспардағыдай өндіріліп жатыр.

 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Жол картасы бойынша бірқатар іс-шаралар көзделген, ауыл шаруашылық саласы бойынша. Оларды қаржылай сауықтандыру, инвестициялық субсидиялау және инвестициялық қаржыландыру секілді 3 блокқа бөлуге болады. Ол жерде кіші-үлкен деп бөлмей, бұл бәсекеге шыдай алатын көлемі оптимальді түрдегі қожалықтарды, кәсіпорындарды қолдау көзделіп отыр. 

 

Осындай қолдаулардың арқасында ауыл шаруашылығы тауарларының, оның ішінде астықтың экспорты ұлғайды. Мәселен, өткен жылы Қазақстан алыс-жақын шетелдерге жалпы құны 1 миллиард 2 милион доллар болатын 5 миллион тоннаға жуық астық экспорттады.

 

Негізгі импорттаушы - ТМД елдері. Олардың көшін Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері бастап тұр. 5 миллион тонна астықтың 3 миллион 600 мың тоннасы немесе 74,4 пайызы осы елдерге жөнелтілген. Қазақстандық астыққа Иран, Түркия, Грузия, Қытай елінен де сұраныс жоғары.

 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Жыл басында біз астық экспортының орташа жоспарын белгілеген болатынбыз. Ол 7 миллион тоннаны құрап отыр. Кез келген экономикалық интеграция тауар айналымын арттырады. Сондықтан, біз өзіміз тұтынатын және дәстүрлі нарықтарға саудаға шығаратын астық көлемін арттыруымыз керек. Біздің стратегиялық мақсатымыз осы.

 

Болашақта тек астық емес, өзге де тауарларды экспорттау мәселесі қаралып жатыр. Сыртқы нарыққа шығарар өнім көлемі де ұлғайып келеді, жол да ашық. Бірақ, ұсақ шаруашылықтарды кес-кестейтін қолбайлаулар да бар.

 

Әуезхан Даринов, Қазақстан фермерлер одағының президенті:

Елбасымыздың қойған талабы бар. Өндірісті 4 есе көбейту керек деген. Сондықтан, көбейген уақытта оны қалай шетелге шығарамыз деген сұрақ туындап жатыр. АШМ-да қолдап отыр, Қазақстан фермерлер одағы  да қолдауда, кооперация құруды. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында біздің 60-70 мың фермер бар. Солардың басын қосып, кооперация құру керек.

 

Кооперация құрылса, шаруа өнімін алыс елдерге дорбалап емес, арбалап тасымақ. Тоған Әбішев Солтүстік Қазақстандағы шаруа қожалығының бірінде қызмет етеді. Егінге әлі ерте, күн жылымай тұр. Дегенмен, техникасын сайлап дайын отыр.

 

Тоған Әбішев, шаруа қожалығы директорының орынбасары:

Биылғы жазға 6 мың гектар егін саламыз ба деп жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 1000 гектары арпа, қалғаны бидай. Дайындығымыз жақсы.

 

Қауқарымыз 6 мың гектар емес, одан да зорғысына жетеді дейді, диқан. Бірақ жер жоқ. Бір өкініштісі, кезінде кейбір ірі шаруашылықтар жерлерін банкке кепілдікке қойған. Кейін өздері банкротқа ұшырап, қазір жер қаңырап тұр. Не өзіне, не өзгеге жоқ. 

 

Тоған Әбішев, шаруа қожалығы директорының орынбасары:

Жер аз бізде. 6-ақ мың гектар. Күшіміз бар, тағы 2-3 мың гектар жерге себуге болар еді. Маңайымызда учаскелер  бар. Бірақ өтіп кеткен, тастап кеткен, соны алу қиын болып тұр.

 

Сары алтынды қамбаға тонналап құятын Қостанай өңірінің дайындығын айтпай кетуге болмас. Облыс диқандары - көктемгі егіске тас-түйін дайын. Шаруаларға 71 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай беріледі. Тек Қостанай емес, еліміздегі ірілі-ұсақты шаруашылықтың бәрі бұл көмекті ала алады.

 

Сағынтай Жұмажанов, ҚР АШМ департаментінің сарапшысы:

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге керекті көлемі 360 мың тонна, оны беру мәселесі шешілген. 1 литріне 95 теңгеден келісілді. Наурыз, сәуір айында беретін көлемнің қазір жеткізілгені 141 мың тонна.

 

Былтыр ел қамбасына 5 жарым миллион тонна астық құйған қостанайлықтар, биылғы жылды да табысты аяқтайтындарына сенімді. 

 

Жалпы, дала жұмыстарын жүргізуге азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы  4 миллиард 200 миллион теңге қарастырылған. 22 мың трактор мен өзге де техника алқапқа түрен салуға әзір тұр.

 

Қайрат Смайылов, Қостанай облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

Былтырмен салыстырғанда майлы дақылдарға субсидия гектарына 3800 теңгеден 9 мың теңгеге көтерілді. Мал азығына 1 мың теңгеден 6000 теңгеге көтерілді. Бидайға берілетін субсидия - гектарына 650 теңге.

 

Әйтсе де, Қостанай облысының алқабында бидайдың үлесі әлі де басым. Биыл барлығы 4 миллион 800 мың гектар жерге дән себілсе, соның 3 миллион 900 мыңы бидайға тиесілі.

 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2 миллион, 70 мың тонна тұқым керек. Оның 99,3 пайызы дайын тұр. Тек былтыр құрғақшылық болған Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында 17 мың тонна тұқым тапшылығы бар. Бұл кемістік мемлекеттік тұқым қоры есебінен өтелмек екен. Жалпы, ел аумағы бойынша техника да, жер өңдейтін құрал-жабдықтар да дайын тұр.