Арал теңізіне 996 млн текше мер су жіберу жоспарлануда

121

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин Сырдария өзені мен арал теңізінің мәселелері жайында мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


"2023 жылы Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Сырдария өзенінің бассейні бойынша өңірдің басқа өзен бассейндері сияқты суы аз кезең үрдісі сақталуда", – деді спикер.


Өткен вегетация аралық кезеңде Шардарада ағын 2231 млн текше метр  болжамды мәндерден артық болды. 


Соның нәтижесінде Шардара су қоймасы мен Көксарай конррегуляторы жобалық мәнге дейін толтырылып, Қызылорда облысының көл жүйелеріне, сондай-ақ жайылымдық, шабындық жерлерге су беру жүзеге асырылған.


"Бүгінгі күні Шардара су қоймасы мен Көксарай контррегуляторында 6,39 млрд куб су жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9 млрд текше метр артық көрсеткішті құрайды", – деді вице-министр. 


Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан  "Достық" каналы бойынша 920,07 млн текше метр көлемінде су беру бойынша үшжақты келісімге келді. 


Көршілес елдермен су-энергетикалық ынтымақтастық бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл Қазақстан-Өзбекстан-Қырғызстан су шаруашылығы және энергетика ведомство басшыларының кездесуі аясында вегетациялық кезеңде Тоқтоғұл су қоймасынан су ағызуды қамтамасыз ету кестесі бекітілді. Осы кестеге сәйкес "Достық" каналы бойынша 920,07 млн текше метр көлемінде су беру жоспарланған. Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша 4 221 млн текше метр көлемінде су жиналады деп болжануда, оның ішінде Арал теңізіне су беру – 996 млн текше мерді құрайды.


Сондай-ақ, қазақстандық тарап жазғы уақытта жоғарғы су қоймаларынан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету үшін 2023 жылдың маусым-тамыз айларына арналған "Бахри-Точик" су қоймасының жұмыс режимін келісу үшін Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан арасында үшжақты келіссөз жүргізуді жоспарлауда.


Бұл ретте, Қызылорда облысының әкімдігіне өткен жылғы деңгейден күріш егу алаңын ұлғайтпау ұсынылуда. Түркістан облысының әкімдігіне Мақтаарал және Жетісай аудандарында Достық каналының бойында күріш егуге жол бермеу ұсынылады.