Кентау қаласында қатты желден ғимараттардың шатырлары ұшты

455
Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында  қатты соққан желдің салдарынан ғимараттардың шатыры ұшты,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Кеше Түркістан облысында секундына 57 метр жылдамдықпен соққан жел Кентау қаласындағы мемлекеттік мекемелер мен бірнеше үйлердің шатырын ұшырды. Сонымен қатар, мектеп шатыры бір мұғалімнің үстіне түсіп, миы шайқалып, ауруханаға жеткізілген.


Қала тұрғындарының айтуынша, желдің күшеюіне байланысты білім ошақтары мен балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатқан. Қаланың көп бөлігінде электр желілері үзіліп, тіпті интернет байланыс жүйелері же істен шыққан. Осы орайда коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен.



Кеше таңғы сағат 6-да басталған желдің арты дүлей дауылға айналған. Нәтижесінде жергілікті поштаның шатыры ұшып, қирандылары жан-жаққа түскен. Қауіпті болуы мүмкін деген жолдар жабылған. Жаяу жүргіншілер жолын жергілікті полицейлер жауып тастаған дейді қала тұрғындары.

"Мен көпбалалы анамын. Күнделікті азық-түлік үшін дүкенге шығасың, базарға барып келу керек. Амал жоқ, шығамыз. Мобильді байланыс үзілді. біз жақта электр бағандары өшсе болды интернет бірге өшетіні тағы бар.  Сапасыз орнатылған шатырларды жел ұшырып әкетіп жатыр," -дейді Кентау қаласының тұрғыны Жұлдызай. 



Былтыр салынған политехникалық колледждің де төбе жабындысын жел ұшырып, маңындағы жоғарғы кернеулі электр желісін үзген. Соның салдарынан мың жарымға жуық отбасы жарықсыз қалды. Колледжің шатыры іргедегі жер үйлердің де үстіне түскен. 

"Балаларым ұйықтап жатқан. Біреуіне тамақ беріп отырған кезде мына жақты біреуі құлады, біреуі шатырдың үстіне құлады. Арғы жақтан терезе сынды. Жүрегім ұшып кетті, шынымды айтсам, жаман болдым. Бала-шаға шошығаны соншалық, атып тұрып далаға қашты", - дейді Кентау қаласының тұрғыны Несібелі Уанасова. 


Қалада орналасқан №1 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің шатыры екі жыл бұрын да күшті желден ұшқан болатын. Шатыр осы жолғы дауылға тағы да шыдамады. Қатты желден мектептің шатыры кеше, түскі сағат 12-лер шамасында ұшып, ауланы басқан. Бұл кезде аулада болған бір мұғалім жарақат алып ауруханаға жеткізілген. Ал таңғы сағат он шамасында оқушылар үйіне жіберіліп, оқу тоқтатылған. Мектептер мен балабақша аптаның соңына дейін онлайн оқуға жіберілген. 

Жергілікті тұрғындарға секундына 40 метрге барады деген хабарлама келуде.  Ал интернетте 57 м/с екендігін көрсеткен.  Десе де қатты желге төтеп бере алмаған шатырлар адам өміріне қауіп төндіруде. 


Расында табиғаттың тосын сыйына төтеп бере алмаған көпқабатты тұрғын үйлердің басым көпшілігі "Тұрғын үйді жаңғырту" бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Осы орайда жергілікті тұрғындар

"Кезінде кондоминимум деп жаздыртып, ай сайын 10 000 -ға жуық ақша төлетіп отырып, шатырсыз қалдық деген не масқара? Үйді қабылдар кезінде әкімдік неге тексеру жұмыстарын жүргізбейді? Халық төлейтін болған соң бас ауыртқысы келмегені ма?", - дейді Балдана Амирова. 


Ерназаров көшесіндегі электр сымдары үзілген күйінде жатыр жаяу жүргінші тоққа түсіп қалса да бәрібір болғаны ма? Неге біздің әкімдік жауапкершілік танытпайды?,- Сарсенкүл Тағабаева.


Кентауда желден келген шығынды анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Бірақ есептеу тек жел тоқтаған соң жүзеге асады деген хабарлама келген.