"Бізге жарылмайды деп айтты" - әскерде снаряд жарылып, сарбаз мүгедек болып оралды
Маңғыстау облысына әскери борышын өтеуге барған сарбаз мүгедек болып оралған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Нұрлан Асқарұлы Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы 99/116 әскери бөлімінде бір жарым жыл бұрын борышын өтеген. Айтуынша, Бекет ата полигонында оқу-жаттығудан кейінгі оқ-дәрілерді тазалау туралы бұйрық берілген. Арнайы құралы мен киімі жоқ сарбаздар жалаң қолмен жарылатын заттарды жинай бастағанда снарядтардың бірі кенеттен қолында жарылып кеткен.
“Снаряд теріп жүрген кезде ол телефонда отырды. Бізге жарылмайды деп айтты. Жарылыстан кейін менің оң қолым қатты жаралы болды. Саусағым салбырап тұрған кезде саусағымды кесіп тастады”, – дейді Нұрлан Асқарұлы.
Полигондағы жарылыстан кейін оған Қылмыстық кодексінің 462-бабының 1-бөлігімен айып тығылып, Ақтөбе гарнизоны әскери соты 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу туралы жаза тағайындапты. Әкесінің жолымен әскерге аттанған жігіттің жақындары қазір Нұрланның сүйегі де бұзыла бастағанын айтады.
“80 темір бар денесінде. Көп жүрсе де аяқтары ісіп кетеді, былай айтқанда аяғы шіріп жатыр. Он екі мүшесі түгел баланы жіберіп, мүгедек қылыпр жіберді. Бұған да көз жұма қарадық. Бірақ Нұрлан заңсыз айыпталып, сотталып отыр ғой”, – деді Нұрланның туысы Назым Өмірбаева.
Қазір сотталған деген жазудың кесірінен Нұрланды еш жерге жұмысқа алмайды екен. Отбасына көмектескісі келетін жігіт ауыр жұмысқа жарамайды. Тіпті ерекше қажеттілігі бар адамдардың тізіміне де қоспаған. Ал қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің рота командирі кінәлі деп танылғанын мәлімдеді. Бірақ жәбірленушілермен татуласып, залалдың орнын толтыруына байланысты жауапкершіліктен босатылған.
"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 51-бап 4-тармақ 2-тармақшасына сәйкес егер әскери қызметші алған мертігу қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде орын алғаны дәлелденсе, оған бір жолғы өтемақы төленбейді. Ал сот шешіміне сәйкес, Н. Асқарұлы кінәлі деп танылды. Сол себепті Қорғаныс министрлігінің тарапынан оған материалдық көмек көрсетілген жоқ”, – делінген қорғаныс министрлігінің ресми жауабында.
21 жастағы Нұрлан Асқарұлы қазір үйінде. Жақындары тым болмаса соттылықты алып, ерекше қажеттілігі бар адамдар қатарына қосса дейді. Қазір бұл үшін жұмыстар жүріп жатыр екен.