Қала тұрғыны: «Дарияның суын ішіп отырмыз»

367
Қызылорда қаласының тұрғындары күнделікті қолданатын ауызсудың сапасыздығына наразы, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қызылорда қаласының тұрғындары таза ауызсуға жарымай отыр. Тіпті бірнеше көпқабатты үйлердің ауызсуының түсі өзгеріп, сасып, лайға айналған. Расында, халыққа ұсынылып отырған судың сапасы жаға ұстатарлық күйде тұрғандығы қала тұрғындарына мәлім. Олай деуге басты себеп  әлеуметтік желіге күнара наразылық білдіріп, хат жолдайтын тұтынушының саны артып отыр. Әсіресе, Ескі базар маңы, Титов, Арай мөлтек аудандарының тұрғындары «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің жұмысына көңілдері толмайтынын айтуда. Осы орайда,
Қала тұрғыны Анар Тұрғанбекова «Қызылорда су жүйесі» жер асты суы деп дарияның суын жіберіп отырғанын айтады.


 Қызылорда су жүйесінің беріп отырған суларын қарасаң, скважина деп дарияның ащы суын жібереді. Кір жусаң тырысып, қол жусаң құрғатып, терімізді тілім-тілім етуде. Шәй қайнатсаң шәйнегіміз толы қақ, лай ішіп отырған сияқтымыз. Пәлен скважина бар дейсіздер қайда сол суларыңыз. Су жүйесіне жыл сайын уақытылы төлем жасап тұрсақ та, неге дұрыс қадағаламайсызда, – дейді ол.

Қазіргі таңда мекеме теңгерімінде 105 бірлік жобалық қуаттылығы тәулігіне 79752 текше метр ауызсу беретін ұңғымалармен бірге «Степь», «Бас Тоған», «Арай», «Мұнайшы», «Қызылжарма», «Мерей» су алу құрылымдары бар.

Қалада үкімет ұсынып отырған суды мүлдем тұтынбай, ауызсуды сатып алып отырған отбасылар да бар.


Ескі базарда тұрамын. Су өте нашар. Ішу түгіл, кір жусаң іріп кетеді, шай қойсаң құсып кетіп жатыр. Судың бәрін сатып алып ішудеміз, – дейді қала тұрғыны Марал Жүсіпова

 Ақшасын төлегесін соған сай қызмет етуге міндетті! Су жүйесінің былығы бітпейді, өмірі екі ортада халық қиналып жүреді, – дейді Бағдат Азаматұлы.

Бүгінде ауызсудың сапасыздығынан тұрғындар дүкен сөрелеріндегі суды сатып алуға мәжбүр. Сатып алып ішуге бірінің жағдайы келсе, енді бірінің қалтасы көтермейтінін тілге тиек етуге болады. Расында, дүкен сөрелеріндегі 5 литр таза ауыз судың бағасы кемі 400-500 теңгенің көлемін құраса, 2 адам күніне 10-15 литр су тұтынса, тек судың өзіне 1500 теңге шығын шығарады екен.  Осыдан кейін, қарапайым халықтың жағдайы қалай дұрысталмақ?! Жыл сайын уақытылы ауызсуға төлем жасаса да, неге әлі күнге дейін «Қызылорда су жүйесі» сапалы суды халыққа уақытылы ұсына алмай отыр?!

Түрлі сүзгінің түрін қолданатын халықтың судың сапасыздығынан бөлек көпқабатты үйлерде 5-қабатқа судың көтерілуі қиямет қайым дейді тұрғындар. Енді бірі заңға қайшы болса да сутартқыш (насос) қойып отырмыз дейді. Солардың бірі – қала тұрғыны Дәмегүл Айтемірова.

Мен жаңа салынған көпқабатты үй тұрғынымын. Үйіме су көтерілмейді өзім 4-қабатта тұрамын. Сығырайған судың жәйін айтпай-ақ қояйын. Демалыс күндері кір жуа алмаймыз. Үй иелері толық демалыста кір жуу науқаны басталғанда ішерге су таппай тамшылаған күйінде толтырып аламыз. Ал енді мұндай салғырттыққа кім жауапты?дейді ол.

Аталмыш сауалдарға жауап алу үшін «Қызылорда су жүйесіне» хабарласу мүмкін болмады.

АЙБАР