Жалған полицейлер Қытай азаматтарынан 5,5 млн теңгесін тартып алған

1 610

Фото: ІІМ кадрыАлматыда бірнеше ер адам өздерін құқық қорғау органдарының қызметкеріміз деп таныстырып, Қытай Халық Республикасының азаматтарын бопсалап келгені анықталды. Полиция қызметкерлері олардың қылмыстық әрекетін әшкерелеп, алдын ала дерек бойынша шетелдіктерден шамамен 5,5 миллион теңге көлемінде ақша алғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілер бірігіп әрекет етіп, көшеде жүрген шетелдік азаматтарға жақындап, жалған полиция қызметкері ретінде таныстырған. Кейін олар жәбірленушілерді уақытша тұрып жатқан мекенжайына ертіп барып, ақша беруге мәжбүрлеген.

Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев оқиғаның дер кезінде анықталғанын атап өтті:

«Полицияның жедел жұмысының арқасында күдіктілердің кім екені қысқа уақыт ішінде белгілі болды. Біз олардың азаматтарды алдап, өздерін полиция қызметкерлері ретінде көрсетіп, ақша талап еткен әрекеттерін дер кезінде тоқтаттық. Қазіргі уақытта бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды».

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қалалық Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтты:

«Осындай қылмыстарды анықтау жұмысы күшейтіле береді. Әрбір заңсыз әрекет мұқият тексеріліп, кінәлілер міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Қазір күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы да тексеріліп жатыр».

Құқық қорғау органдары қала тұрғындары мен шетел азаматтарына сақ болуды ескертті.