Көпбейінді Қызылорда облыстық ауруханасында үшем өмірге келді
Көпбейінді Қызылорда облыстық ауруханасында Хадия, Хафиз, Хамза есімді үшем дүниеге келді. Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда қаласының тұрғыны Әсел Сабырбаева 23 жасында осылайша алғашқы сәбиін дүниеге әкелді. Жас ананы акушерлік бөлім меңгерушісі Арман Ержанова мен акушер-гинеколог Фатима Қосназарова босандырды. Нәрестелердің арасынан қыз баланың салмағы 1 996, ер баланікі 1938, үшінші ер баланікі 1918 грамм болды.
Аурухананың баспасөз қызметі хабарлағандай, үшемнің денсаулығын жақсарту үшін мамандар жоғары сапалы медициналық көмек көрсетті. Қазір нәрестелердің жағдайлары тұрақты. Анасымен бірге палатада ана сүтімен қоректеніп жатыр.
Айта кету керек, аурухананың акушерлік бөлімінде жыл басынан бері 1343 нәресте дүниеге келген. Соның 537-сі осы бөлімшеде қосымша ем алған.