Нұрбану Сағырбек: Тігін – тұнып тұрған математика
Қолөнер – қолданбалы өнер, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Дәстүрлі тұтыну және сәндік бұйымдарын жасайтын ұсақ өндіріс. Қолөнершілер негізінен табиғи шикізаттарды пайдаланып, қарапайым еңбек құралдарының көмегімен көркем композицияның шешімімен тұрмысқа қажетті мүліктер, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, құрал-саймандар жасайды.
Әрбір қолөнер туындысы өз заманының материалдық мәдениетінің үлгісі және халық талғамының, әлеуметтік қоғамдық жағдайының, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақтылы көрінісі.
Шыны керек, соңғы уақытта эностильге мойын бұра бастадық. Ұл-қыздарымыз халқымыздың қайталанбас ұлттық киімдері мен бұйымдарын күнделікті өмірде тұтынуға көшті. Ұлттық нақыштағы киім үлгілері мен әшекейлер заманауи дизайнда көрініс тауып, сән әлемінде ғана емес, тіпті тұрмыста да трендке айналды. Сәнгерлер мен шеберлер осы трендті қазіргі сәтпен сабақтастырып, одан табыс тауып жүр. Солардың бірі қазалылық – Нұрбану Сағырбек.
Он саусағынан өнер тамған талантты жан табандылығының арқасында, қазіргі таңда, трендке айналған қазақы бұйымдарды, яғни, қыз-келіншектерге арналға әшекейлерді дайындап, сатуда. Қазірдің өзінде тұрақты тұтынушыларын тауып үлгерген оның бұйымдары, бүгінгі заманға лайық етіп жасалғандығымен ерекше. Осы ретте, қазақи стильде әшекей бұйымдар дайындап жүрген жанға арнайы жолығып, жасап жүрген жұмысымен танысып қайтуды жөн көрдік.
Шеберханадағы тірлік күндегіше тынымсыз жүріп жатыр. Нұрбану әдеттегідей қыз-келіншектерге арналған тағы бір жаңа бұйымды әзірлеп әлек. Жанына жақындағанымызды байқаған ол: "соңғы штрихтар" деп бізге сәл күте тұрыңыз деген сыңай танытты. Біз қолындағы әсемдікке анадайдан көз тастап, тамашалап тұрдық. Әдеттегі ісін сөреге қойған ол жанымызға келіп, жасаған жұмыстарын таныстырып, бұл кәсіпке қалай бет бұрғандығын әңгімелеп берді.
"Жалпы, менің бұл кәсіпке келуім тегін емес. Кішкентайымнан қолөнерге қатты қызықтым. Оның үстіне, анам да қолы алтын, шебер кісі. Анам іс тігіп, тоқыма тоқитын. Оның бойындағы асыл қасиет менің де бойымнан табылды. Ал, қазір әшекейлер мен бұйымдарды кәсіпке айналдырған болсам, кішкентайымнан тігінге икемім болғандығынан шығар. Жалпы, мен жасап жүрген қай ісімді де тігіншілікпен ұштастырамын. Егер тігінді білмесем, бұл кәсіпке бет бұрмас та едім", – дейді қолөнер шебері.
Нұрбану, әрбір әшекейді заманауи үлгімен ұштастырып жасауға тырысады. Себебі, тапсырыс берушілер жасалған бұйымдардың қайталанбас ерекше әрі күнделікті өмірде тағып жүруге ыңғайлы болуын сұрайтын көрінеді. Тұрақты тұтынушыларының ұсыныстарын ескеріп, соларға лайық қызмет көрсетуді басты ұстанымы санайтын Нұрбану этностильдегі киім, тақия, шекелік, шашбау, сырға, білезік, сақина сынды заттарды қолдан жасап, оны жергілікті тұрғындарға ғана емес, сырт қаладан тапсырыс берген сатып алушыларға жөнелтіп жүр.
"Расын айту керек, бұрын көбі ұлттық болмысымызға сай келетін қазақы киімдер мен бұйымдарды тек той-томалақта не мерекеде ғана тұтынатын. Ал, қазір қазақша стиль трендке айналды. Жұртшылықтың, әсіресе, жастардың да талғамы заманауи заттардан қазақи дүниелерге ауысып жатыр. Өйткені, қазіргі буын индивидуал әрі эксклюзив заттарға құмар. Сондықтан, мен де сол талғамға сай болу үшін трендтен қалмай, төл өнерімізді төрге сүйреп жүрген жайым бар", – дейді Нұрбану Сағырбекқызы.
Төл өнерді түлетіп жүрген кейіпкеріміз бұл кәсіпті алғашында желі арқылы бастаған. Кейін жұмыстарын желіде ғана жарнамалап қоймай, кәдуілгі дүкен сөрелеріне қойып, кәсібін кеңейтуді жөн көріпті.
"Студент кезімде тасбих, білезікті қолдан жасап сататын Жадыра деген апайдың қасында көмекші болдым. Жанында жүріп, біраз дүниені жасап үйрендім. Қызығушылығым кейін кәсіпке ұласып, 2019 жылы тәуекелге бел буып,осы істі бастап кеттім. Қазір, шүкір, тынымсыз еңбегімнің арқасында табыс тауып, тірлігімді тіктеп келемін", – дейді ол.
Қазақ халқының ұлттық киімдері мен бұйымдары мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің айқын көрінісі. Оның заманауи сән нарығына сай түрленіп, жаңашыл көрініске ие болып жатқандығы көпті қуантады. Әрине, олардың осылай қайта жаңғырып жатқандығы оған жан бітіріп жатқан қолөнер шеберлерінің арқасы. Өз кәсібі арқылы ұлт мәдениетіне өзіндік үн қосып жүрген қазалылық қолөнер шебері Нұрбану Сағырбекқызының да еңбегі ерен десек жарасатындай. Өйткені, ол болмашы әрекеттер арқылы қазақилықты әрдайым трендке айналдыруды көздеді. Біз де сол секілді мүмкіндіктерге ұмтылып, ұлттық мүддеге қарай жұмылсақ, қазақи құндылықтарға деген қоғамдық көзқарастың тұғырын биіктетіп қоймай, табысқа да кенелген болар едік.