Дәстүрлі әнші жас министрдің көз жасын сынға алды
Қазақтың дәстүрлі әншісі Ерлан Төлеутай көз жасына ерік берген экология министрін сынға алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Семейдің орманы өртеніп жатыр. Әзірге 60 мың гектар орман өртенген. Егер сөндіре алмаса, бұдан да ұлғая түсері сөзсіз. Тілсіз жаумен алысам деп 14 адам адам қаза тапты. Имандары саламат болсын.
Президент өткізген төтенше жиында Экология министрі жылап тұрды.
Бұл көз жас - шарасыздықтың көз жасы.
Бұл көз жас - биліктің жемқор екенін айта алмай қыстығып, іштен тынған жас шендінің көз жасы.
Бұл көз жас – еліміздің кадр саясатының тығырыққа тірелгенінің көз жасы.
Бұл көз жас - асқынған бюрократияны, шенеуніктердің қамсыздығын, қайратсыздығын үнсіз айыптаған көз жас.
Бұл көз жас - парақор, тоқ ұлықтардың арасында өзін артық сезіну көз жасы.
Бұл көз жас - өрт түгілі өмірді білмейтін, ел ішінде өспеген, жұрттың мұң-мұқтажын білмейтін, қарапайым халықтан тым алыс, жас шенеуніктің бірден министр болғанына өкінген көз жасы.
Бұл көз жас – өзін министрлікке өмір көрсетпей, қызмет баспалдақтарымен сатылап, сонау төменнен өсірмей, кәсіби тұрғыдан жетілдірмей, бірден министр қоя салған “жебеушілеріне” лағнет айтқан көз жасы.
Бұл көз жас – біліксіз кадрдың көз жасы.
Бұл көз жас – сөз жүзінде бар “Жаңа Қазақстанның” іс жүзінде жоқ екенін білдірген
көз жас...", - деп жазды.