Арал ауданында мал басында өсім бар

42

Арал ауданында мал басында өсім бар,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында  «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты. Бұл шындық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.

Бүгінде Арал ауданындағы ауыл шаруашылық саласы жыл сайын жаңа көрсеткіштерге қол жеткізіп, қарқынды дамып келеді. Оған дәлел өткен жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 9 649,3 млн теңге болып, 106,6 пайызға өсен. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 5 869,0 млн теңге, егін шаруашылығы бойынша 3 696,9 млн теңге  болып отыр. 

Аудандағы барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 58 468 бас мүйізді ірі  қара, 99 306 бас қой мен ешкі, 43 634 бас жылқы, 35 480 бас түйе және 4 089 бас құс  бар. Осы малдарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы 108,0 пайызға, жылқы  111,8 пайызға, түйе 107,6 пайызға, құс  111,8 пайызға артса, қой мен ешкі  94,8 пайыз болды. Ауданда мал шаруашылығынан алынатын  ет өндіру 3 584,6 тонна, сүт өндіру 8 063,2 тонна, жұмыртқа өндіру 103,1 мың дана, жүн  126,9 тонна болды.

Айталық, жылқы малын өсіріп, өз кәсібін дамытып отырған жандардың бірі Айбазар Әлімбетов.

Жылқы малын қасиет тұтқан қазақ халқы қай кезде де Қамбар ата тұқымын мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең шипалы сусын беретін өзіндік ерекшелігімен жоғары бағалаған. Бұл текті жануар қазірдің өзінде қасиетін жоғалтпай келеді. Өзінің кәсібіне айналдырған Айбазар Әлімбетов қазіргі күні 12 бас жылқы малын өсіріп отыр.

«Өзім ұзақ жылдар колхозда көлік жүргізуші болдым. Кейіннен Кеңес үкіметі құлағанан кейін бұл жұмыс та тоқтады. Арагідік әртүрлі жұмыстар істеп, балаларды өсірдім. Кейіннен мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріліп, кәсіп ашам деушілерге қолдау көрсетіліп жатқандығын естіп, отбасы болып жылқы малын өсіреміз деп шештік. Жолдасым Қалыгүл кәсіпкерлер дайындайтын курста оқып, өткен жылы 3 млн теңге несие алдық. Сол қаражатпен өзіміздің кәсібімізді бастап кеттік», – дейді отағасы Айбазар аға.

Ауылдың маңы жылқы бағуға ыңғайлы деген Айбзар аға су ішетін құдығы мен қора-жайын дайындап, мал басын көбейтуге шындап кіріскен. Қазір балалары көмекші. Оларға да баптаудың ерекше әдістерін үйретіп, болашақта кәсібін кеңейтуді қолға алған.

«Мал өсіру – қазақ халқына бұрыннан белгілі ата кәсіп. Сол үшін де бұл кәсіп түрімен кез келген адам айналысып, табыс таба алады. Шағын және орта бизнестің гүлденуі еліміздегі орташа әлеуметтік санат үшін қолжетімді кәсіп көзі мен табысты жұмыс орны ретінде маңызға ие болып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, мемлекет өз ісін ашуға ынта білдіргендерді қолдап, іскерлік әліппесін үйрету мен қаржылай қолдаудан бөлек, кәсіп түрлерінің дамуына қолайлы орта туғызып отыр. Бұл біз секілді кәсіпкерлер ісінің өркен жаюына жол ашатындығы сөзсіз», – дейді ол.

Жылқы малын өсіріп, отбасылық кәсіптен нәпақа тауып отырған Айбазар аға мен Қалыгүл апаның 5 перзенті бар. Балаларының алды өз шаңырағын тіктеген болса, кейінгілері оқу оқып, білімін жетілдіруде. Бәрін адал еңбекпен тапқан аспен өсірген ата-ананың балалары да өздерінің еңбегімен танылған.

«Қандай істі болмасын шын көңілмен, адал ниетпен қолға алсаң, берекесіне кенелесің. Өзім жастайымнан балаларды адал еңбекке баулыдым. Соның арқасында балалар өздері қалаған мамандықпен жұмыс жасап, маған қолғанат болып отыр», – деді.

Алдағы уақытта өздерінің отбасылық ісін одан әрі дамытып, жылқыдан бөлек, асыл тұқымды сиыр малын көбейтуді де жоспарлап отыр.

Арал ауданы облыс бойынша аудандар арасынан түйе саны жағынан көш бастап тұр. Қазіргі есеппен қарайтын болсақ, Арал ауданындағы түйе саны Ақтөбе облысынан әлдеқайда көп. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда аудан бойынша түйе өсімі 7,7 пайызға артып отыр. 

Жалпы, түйе малына тоқталар болсақ, оның пайдасы, бағудағы жеңілдіктері жайында көптеп айтуға болады. Себебі, түйе күтімді көп қажет етпейді. Түйе шаруашылығы – мал шаруашылығының дәстүрлі салаларының бірі. Тіпті, республикадағы барлық жайылымдық жердің 64 пайыздан астамын түйе шаруашылығына тиімді шөл және шөлейт алқаптардың алып жатуы осы саланы өркендетуге кең жол ашады. Қазақ халқы еті мен сүті әрі тағам, әрі шипалы дәру, жүні – киім, өзі сенімді көлік болған қасиетті жануарды төрт түліктің төзімдісі санаған.

Елімізде түйе шаруашылығы объективті және субъективті жағдайларға байланысты түрліше дамуда. Түйе түлігі негізінен жайылымда бағылып, күтімді, құнарлы азық пен құрылысы күрделі, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылығы малдарымен салыстырғанда тиімді сала болып табылады. «Шөл кемелері» саналатын түйелер арнайы күтімді талап етпейді. Олар басқа ауыл шаруашылық жануарлары қоректенбейтін, жеуге жарамсыз ащы жусанмен, арам шөптермен, тікенді бұталармен азықтанады. Түйелер бірнеше күн бойы су ішпей немесе адамдарға пайдалануға жарамсыз тұзды суды іше салады. Түйе өркештерінде оларға қоректік азық тапшылығы кезінде бірнеше күн бойы сусыз өмір сүруге көмектесетін майлары бар. Міне, осы сынды артықшылықтарымен салаға орынды жұмсалған қаржы 5-6 есеге дейін табыс әкелетіндігі ғылыми-өндірістік тәжірибелерде дәлелденіп отыр. Біздегі түйе санының еселеп артуы, бәлкім, осы сынды тиімділіктердің арқасында шығар.

Ал, түйенің сүті мен одан дайындалатын шұбаттың пайдасына келер болсақ, ол жайында да айтарымыз бар. Түйе сүті аллергия, қант диабеті, ас қорыту бұзылысы, сондай-ақ, лактозаға төзе алмайтын адамдар үшін пайдалы болады және осы адамдар тобы үшін бұл сиыр сүтіне керемет балама. Сүттің сапасы мен тазалығы – оның биологиялық қауіпсіздігінің кепілі. Түйе сүтінен дайындалатын шұбаттың дәмдік, сусындық, шипалық қасиеттері ертеден-ақ белгілі болған. Оның адам ағзасына сіңімділігі 98 пайызды құрайды. Түйе сүті сиыр сүтіне қарағанда бактерицидтік қасиеті жоғары болғандықтан, ұзақ мерзімге сақталады. Дәрігердің бақылауы шұбатты тұрақты пайдаланатын адамдардың туберкулезбен мүлдем ауырмайтындығын көрсетті. Сонымен бірге, асқазан ауруларын да шұбатпен емдеудің жақсы нәтиже беретіндігі белгілі.

Түйе өнімі жайлы тізбектеп шықтық. Енді тақырыптың басына оралсақ. Осыдан 5-6 жыл бұрын құландылық Н.Тілеуов осы шаруаны қолға алмақ ниетпен шұбат өндірісін бастаған. Бәлкім, біз жоғарыда сөз еткен шұбаттың адам ағзасына тиімділігі мен пайдасын өз тәжірибесінен өткізгендіктен болар. Мыңнан астам түйесі бар «Құланды» ЖШС мал басы санын еселеп арттырғанымен, одан өнім алу ісіне келгенде қиындықтарға кезіккен тәрізді. Арнайы технология алдырып, шұбат дайындау ісіне білек сыбана кірісті. Десе де, оны экспорттауға келгенде жұмыс жүрмеді, белгілі бір мөлшерде сұраныс болмады. Ал, пайдасыз іспен айналысу кім-кімге де тиімсіз екені айтпаса да түсінікті шығар. Қазіргі таңда қожалық төрағасы бұл өнімге сұраныс болса, қайта қолға алуға құлықсыз емес. Арнайы технологиялары да дайын тұр. Алайда, базар сөрелерінде шұбат өнімдері қазіргі таңда ауылдық жерлерден литрлеп келіп тұр. Өзіне керек өнім тиісті деңгейде жеткізіліп тұрғандықтан, оны бүгінде көбі іздемейді. Іздеген күннің өзінде базардан табуға болады.

Осы шаруаны қолға алмақ ниетпен «Агробизнес» бағдарламасы бойынша «Арал ырысы» несиелік серіктестігінен қомақты мөлшерде қаржыға қол жеткізіп, оған түйе алған жанның бірі – Н.Текебаев. Ол мемлекет жасаған мүмкіндіктің арқасында 96 бас аналық түйе, 3 бас асыл тұқымды аталық түйе алды. Қазіргі таңда өрісін Ойсылқараға толтырған Н.Текебаевтың негізгі мақсаты – оны бағып, санын еселеу. Сондай-ақ, сұраныс болса оның сүті мен еті, қала берді жүнінен де пайда көруді көздейді.

Уақ мал мен Ойсылқара тұқымын бағып отырған азамат Ералхан Мүбараков Сазды ауылында тұрады.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткен жылы «Бастау-Бизнес» қысқа мерзімді оқу курсын оқып, мал шаруашылығын дамытуды көздеген ол өткен жылы қайтарымсыз несиеге қол жеткізіп, оған 17 қой сатып алса, «Арал ырысы» ЖШС арқылы 6,9 млн теңге төмен пайызбен несие рәсімдеп, түйе малының басын көбейтуде. Ауыл сыртындағы «Түкпірши» деген өңірде мал бағып отырған жас кәсіпкердің қолға алған ісі ауқымды. Ойға алған мақсаттары да маңызды.

Өзім осы Саздының тумасымын. Мен де елдің балалары секілді ауыл мектебін бітірген соң, арман қуып Ақтөбеге оқуға аттандым. Тәмамдаған мамандығым темір жол саласы бойынша. Елге оралған соң мамандығым бойынша жұмыс табу қиын болды. Уақыт өте өзім ортасында өскен осы мал шаруашылығына неге ден қоймасқа деген ой болды. Себебі әкем де осы төрт түлік ұстаған жан. Алғашында мұндай мүмкіндіктің барын білгенмен, өзімді іштей дайындадым. Тәуекелге бел байлап «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқу оқып, өз кәсіптік жоспарымды құрдым. Ұтымды әрі уақытылы дайындалған жобам қолдау тауып, мемлекеттік грантқа ие болдым. Оған 17 бастай қой алып, осылайша өз ісімді бастадым, – дейді жас шаруа Ералхан.

Өзге қатарластары секілді өз күшімен көтерілуді көздейтін Ералхан бүгінде малды ауыл мен Саздының екі ортасын жол қылып жүр. Өз қарамағындағы малдарды ұдайы бақылауда ұстаған ол шаруаның адамына айналған. Алдағы уақытта несиеге алған 10 бас түйенің санын көбейте түсуді көздейді.

Биылғы қыс аудандағы шаруаларға айтарлықтай күш салмады деген ойдамын. Себебі осы өңірде отырған өзімізге де қыс жайлы болды. Малдың басын аман алып шықтық. Енді төлін күтіп отырмыз. «Арал ырысы» ЖШС арқылы несиеге алған аналық түйелердің алды төлдеп жатыр. Қазір үш түйе боталап тұр. Қалғандары да амандық болса, бірер айдың көлемінде төлдеп болады. Ал уақ малдар енді төлдейді. Осы малдардан төлді толықтай алып болсам, олар отыққан соң несие төлеуді бастаймын. Жалпы, несие алған кәсіпкерлерге осындай мүмкіндіктер ұсынып отырған мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұстары өте көп дер едім. Сондықтан ой үстінде азаматтарға тәуекел ету керек. Сонда барып іс алға басады, – дейді жеке кәсіпкер Е.Мүбараков.

Құс өсіруді қолға алып ауылшауашылық саласының дамуына үлес қосып отырған Гүлсара Айтпақова да осы салада жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкерлердің бірі. Биыл наурызда мемлекеттің қолдауына ие болып, 1 380 000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болған Гүлсара қалада отырып құс өсіруді кәсіп еткен.

Алғашында қызығушылықпен бастаған жұмысы кейіннен өзінің кәсібіне айналады деп ойламаса керек. Осыдан 5 жыл уақыт бұрын оншақты тауық бағып бастаған кәсіпкер бүгінгі таңда құстың осы түрінің өзінен бірнеше түрін өсіріп отыр. Нақтырақ тоқталсақ, адлер, кучин, голощекин породаларын көбейтіп отыр. 

Адам қай жұмысты болса да сүйіп істеуі керек. Басында тауықпен басталған бизнесімнің бүгінде көкжиегі кеңейіп отырғаны да содан болар деп ойлаймын. Өйткені ерекше ықылас қойып, күтім жасамасаң оларды көбейту де қиынға соғады. Қазіргі уақытта тауықтың бірнеше түрімен қатар қаз, үйрек, күркетауық та бағып жатырмын. Тіпті өте сирек кездесетін тауыс та бағып отырмын. Олардың өзін, жұмыртқасын сатып қана қоймай, басын көбейтуді де мақсат қылдым. Осы орайда аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсәуле Ембергенова мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкері Нұрлан Бердібекұлына алғысым шексіз. Бастаған істі үйлестіріп, қолға алған жұмыстың ауқымын арттыруда орынды кеңес беріп, таптырмас мүмкіндік жасады. Солардың кеңесінің арқасында мемлекеттік грантқа ие болып, Түркістан қаласынан жұмыртқа алдырып, инкубатор аппаратын алдым. Құстардың жұмыртқасын салып, соңғы күндері алғашқы балапандар шығып жатыр,– деді.

Өз кезегінде осындай бастаманы қолға алған тұста тілекші болып, көмек беріп келе жатқан отбасына алғыс айтты. Жолдасы Асанхан Тишев екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Қыз ұзатып, құдандалы болған шаңырақ. Асанхан аудандық мәдениет орталығында жұмыс жасайды. Мұнан бөлек оның да жеке кәсібі бар. Балаларының барлығы өнер жолында. Ұлдары Рамазан музыка маманы ретінде баян аспабын игерсе, Аслан – барабаншы. Қазір 1 курс студенті. Инабат Сырдың бойында қалыптасқан жыраулық өнерді жанына серік етіп, осы жолда дәріс алып, аудандық, облыстық, республикалық байқауларда марапат төрінен көрініп жүр. Ал кенжесі Айкөркем 1 жасқа толады.

Кәсіп иесі алдағы жоспарларымен де бөлісіп өтті. Кәсібін ұлғайтуды көздеп отырған Гүлсара жанына адам алып, жұмыспен қамтығысы келеді. Сонымен қатар жер беріліп жатса, құс өсіруді одан әрі дамытпақ. Арнайы бассейн жасап, олардың көбеюіне барынша жағдай жасауды көздеп отыр.

Ерекше кәсіптің көзін тапқан кәсіпкер аралдық бренд қалыптастырып, табысты жұмысы мен жағымды жаңалықтарын әлі талай ақпараттандырамыз деген сенім бізде де мол.

Міне, аралдықтар мал басын көбейтіп саланың өсуіне серпін берумен қатар өздерінің де тұрмысын түзеп отыр. Ата кәсіпті қолға алып төрт түлігін түлеткен жандардың тыңғылықты еңбегі көпке үлгі боларлық.