Қазалы – кәсіпкерлер мекені

23

Қазалы – кәсіпкерлер мекені. Кәсібін дөңгелетіп, табыс табуға икемделгендер қатары жыл санап артып келеді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 


Олардың арасында жастар да бар. Солардың бірі – 22 жасында жеке сұлулық салонын ашқан Айгерім Абатқызы.

– Айгерім, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

– Бұған алдымен сән әлеміне деген қызығушылығым себеп болды. 2014 жылдың сәуір айында Астана қаласына барып, сұлулық салонында көмекші ретінде жұмыс істедім. Ондағы түрік азаматтардың шаш қию, шаш үлгісін жасау, бояу әдіс-тәсілдерін үйрендім. Келе-келе бет әрлеу мен тырнақ сәндеуді, қас теруді, бояуды меңгердім. Үнемі осы салада шеберлігімді жетілдіріп, тәжірибе алмасып отырамын.

– Қандай қалаларда тәжірибе жинадыңыз?

– Қазір күннен-күнге сұлу болудың сырлары да көбеюде. Түрлі аппарттар шыға бастады. Косметиканың да түр-түрі бар. Оның барлығын тілін біліп, қолдана білуге тырысамын. Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Тараз және Қызылорда қалаларында болғанымда көп нәрсені көкейге түйдім.

– Ең алғаш сұлулық салонын ашарда қобалжу болды ма? Оны қалай жеңдіңіз?

– Қобалжу бола қоймады. Өйткені өзіме сендім. Жігерімді жанып, намысқа тырыстым. «Қалай болады?», «Ары қарай жұмысты алып кете аламын ба?» деген сауалдар маза бермегені рас. Дегенмен тәуекелге бел будым. Сөйтіп, 2016 жылы кент орталығындағы «Бәйтерек» сауда үйінен сұлулық салонын аштым. Одан кейін 2018 жылы өзімді дамыту мақсатында Астана қаласында болып келдім. Ондағы белгілі сұлулық салонындағы бір жыл ішінде жұмыс істеп, көп нәрсе үйрендім. Қазір Қазалыға қайта келіп, Желтоқсан көшесі бойынан «Айгерім Абатқызы» деген атаумен жаңа салон ашып, қызмет көрсетудемін. Осы уақытқа дейін жинақтаған барлық білім мен біліктілігімді бөлісуге әзірмін. Келушілердің ыңғайына қарай, жұмыс уақытын түнгі 12:00-ге дейін создық.

Алға қойған мақсатқа жету үшін еңбек ете білу керек. Күні-түні жұмыс істеген сәттерім де болды. Қай істі бастасаңызда ең бастысы – енжарлық танытпай, алға қарай ұмтылу екенін ұқтым.

– Неше адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

– Өзімнен бөлек екі қыз бар. Болашақта тағы да мамандар аламын. Алда талай жоспарым бар.

– Жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…

– Бұйырса Қызылорданың әр аймағынан сұлулық салонын ашқым келеді. Сапасы жоғары косметика бұйымдарын сататын дүкен ашу да ойымда бар.

– Оқу курстарын өткізесіз бе?

– Иә, өткізіп тұрамын.

– Келушілерді тарту үшін қандай тың әдістер қолданасыз?

– Әрбір келуші біз үшін тек тұтынушы ғана емес қадірлі қонақтай. Сондықтан шай, кофе ұсынып, ыңғайлы жағдай жасауға тырысамыз. Жайлы қызмет көрсетсеңіз тұтынушы өзі-ақ сізді іздеп тұрады.

– Кәсіп бастағысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

– Өзіне, сонымен бірге сол істі алып кете алатындығына сенімі мықты болуы керек. Ерінбей еңбек етуді жанына серік етсе, қол созған арманға жету жолы жеңілдей түседі.

– Дұрыс айтасыз сенім мен еңбек жетістікке жеткізеді. Алайда көп жағдайда қаражат жағы қолбайлау болады? Сіз бұл мәселенің шешімін қалай таптыңыз?

– Қандай жетістікке жетсем де әуелі Алла, екінші ата-анам мен бауырларымның үлкен қолдауының арқасы.

– Құпия болмаса бір айлық табысыңыз қанша?

– Негізі әр кезде, әр қалай. Орта есеппен айтқанда айына 300 мың теңгедей табыс табуға мүмкіндік болады.

– Әңгімеңізге рақмет. Табысты болыңыз!