Балабақшада соққыға жығылған 2 жасар баланың миы шайқалған
Павлодарда жекеменшік балабақшаға барған екі жасар баланың беті көгеріп, миы шайқалған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Павлодар тұрғыны Аружан Қасенова бірнеше күн бұрын екі жасар қызы Севараны жекеменшік балабақшаға берген екен. Бірақ балабақшадан қызының беті ісіп, денесі бірнеше жерден көгеріп қайтты дейді. Онымен қоса бүлдіршіннің аяғында да көгерген іздер болған. Тәрбиешілер болса баланың денесіндегі жарақаттарды ұйықтаған кезде дұрыс жатпай қалуымен түсіндірген.
Бұдан кейін ғана балабақша қызметкерлері қыздың құлағанын мойындап, кешірім сұрапты. Бірақ мұнымен келіспеген ана мекеме қызметкерлері баланы ұрып-соқты деп отыр.
Оның үстіне балабақшада бейнебақылау камералары да жұмыс істемейді екен. Мекеме басшысы өздерінің еш жазығы жоқ екенін айтып, сұхбат беруден бас тартқан. Ал жәбірленушінің арызы бойынша қазір полиция "Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау" бабымен қылмыстық іс қозғаған.
Ал білім басқармасының өкілдері бұған дейін балабақшаға қатысты бір де бір шағым болмағанын айтады.
Екі жасар Севараның анасы енді қызын бұл балабақшаға жібермейтінін айтты. Ал кінәлілер тиісті жазасын алмаса прокуратураға арыз жазуға дайын екен.