Прокуратура жеке сот орындаушыларының жасырған табысын анықтады
Жетісу облысының прокуратурасы жеке сот орындаушылары жасырған жүздеген миллион теңге көлеміндегі кірісті анықтады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Талдықорған қаласының прокуратурасы жеке сот орындаушыларының 2023 жылға арналған 240 нысаны бойынша жеке табыс салығы декларацияларында табыстарын едәуір төмендеткенін анықтаған. Мұндай әрекеттер салық заңнамасын бұзумен қатар, салық төлеушілерге қатысты әділдік қағидаттарына қайшы келеді.
Прокуратура мәліметінше, аяқталған атқарушылық өндірістердің нақты көлемі 896,1 млн теңгені құраса, салық декларацияларында бар болғаны 231 млн теңге көрсетілген. Айырмашылық — 665,1 млн теңге.
Қадағалау органының ұсынысынан кейін үш жеке сот орындаушы қосымша декларациялар тапсырып, нәтижесінде 2,6 млн теңге көлемінде қосымша салық төлеген.
Сонымен қатар ұқсас заң бұзушылықтар тағы 17 жеке сот орындаушының қызметінде анықталған. Қазіргі уақытта уәкілетті органдар прокурорлық қадағалау актісін орындау аясында олардың салық берешегін өндіру шараларын жүзеге асыруда.







